Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелер бақылауға алынды
21 мамырдағы жарылыстан кейін Шымкент қаласындағы №1 облыстық перинаталдық орталықтың пациенттері №2 облыстық перинаталдық орталықтың ғимаратына, Шымкент қаласының №1, №2 қалалық ауруханаларына, қалалық перинаталдық орталыққа және облыстық балалар ауруханасына көшірілді. Олар дәрігерлер мен психологтардың тұрақты бақылауында.
«Екі пациенттің жағдайы тұрақты, ауырлығы орташа 6 пациент бар, қажетті бейінді медициналық көмек толық көлемде көрсетілді», - дейді ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
Айтуынша, барлық жүкті әйелдер және жаңа туған нәрестелер ерекше бақылауға алынған. Ал, осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия жұмысқа кірісті. Арнайы комиссия ғимарат пен жабдықтарға келтірілген залалды анықтайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін жарылыс салдарынан 1979 жылы туған күзетші, 1980 жылы туған жұмысшы және 18 күн бұрын туған бір сәби қайғылы оқиғаның құрбаны болғанын жазған едік. Қазір сол оқиғаға қатысты Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 292-бабы 2-бөлігі («Адам өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.