Алматыда танысынан ақша бопсалаған қылмыстық топ ұсталды
Ұсталғандардың екеуі бұрын сотталған болып шықты
Алматыда таныс адамынан ақша бопсалаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қалалық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктілерді жәбірленушіден сұраған 1 миллион теңгенің 650 мыңын алып жатқан жерінен ұстады. Олар осыдан біраз уақыт бұрын заңсыз алып кеткен көлікті қайтарып беру үшін таныс адамнан ақша бопсалаған.
Арнайы іс-шара нәтижесінде 5 ер адам ұсталды. Олардың үлкені – 35-те, кішісі – 27-де. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 389 бабы («Өзiнше билiк ету») бойынша тергеліп жатыр. Ұсталғандардың екеуі бұрын ҚР ҚК-нің 96-бабы («Кісі өлтіру)» және ҚР ҚК-нің 287 бабы («Браконьерлік») бойынша сотты болған, – делінген хабарламада.
Бұл жолы ұсталған кезде күдіктілерден өсімдік тектес ұнтақты зат және травматикалық тапанша тәркіленді. Көрсетілген заттар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.