×

Мәсімов ісі бойынша комитеттің бұрынғы не қазіргі қызметкерлері күдікті деп танылмаған – ҰҚК

Кәрім Мәсімов қазір Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторында отыр

 Айгерім Таубай 07.12.2023 | 11:04
Коллаж Halyq Uni

18 жылға сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов қазір елордадағы тергеу изоляторында отыр. Бұған ҰҚК экс-төрағасына қатысты екі бап бойынша қылмыстық істің тергеліп жатқаны себеп болды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағында және 366-бабы 4-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Бұл бапта адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, қызмет бабын пайдаланып iрi мөлшердегі қылмыстық жолмен алынған қаражатты және басқа да мүлікті бірнеше рет заңдастыру әрекеті көрсетілген.

ҚК 218-бабына сәйкес азаматтың мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Айта кетейік, қылмыстық кодексте дәл осы бап бойынша толықтыру бар. Егер адам қылмыстық жолмен алынған ақшаны және мүлікті заңдастырғанын өз еркімен мәлімдесе, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Ал қылмыстық кодекстің 366-бабында «пара алу» әрекеті көрсетілген. Бұл баптың 4-бөлігіне сәйкес азаматтың мүлкі тәркіленеді және белгілі бір лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылады.

Параның 70-80 еселенгенге дейінгі сомасында айыппұл салынады немесе 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, - делінген заңда.

Бұған дейін Кәрім Мәсімовпен бірге оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов (16 жылға), Дәулет Ерғожин (15 жылға), Марат Өсіпов (3 жылға) сотталды. ҰҚК ақпаратына сәйкес, Мәсімовке қатысты қылмыстық іс бойынша комитеттің бұрынғы не қазіргі қызметкерлері күдікті деп танылмаған. Соған сәйкес, ешкім қамауға алынбаған.

Ал жаңа қылмыстық істі тергеуге байланысты Кәрім Мәсімов Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторында отыр.

КӘРІМ МӘСІМОВ ІСІ

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2023 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратураның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқаны хабарланды. Оған қатысты «қаңтар оқиғасы» кезінде билік пен лауазым өкілетін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.   

Серіктес жаңалықтары

Сараптама