Жамбыл облысында жыл соңына дейін 10 мектеп пайдалануға беріледі
Оқушылардың сапалы білім алуы басты назарда
Жыл соңына дейін өңірде 10 мектепті салып, пайдалануға береміз. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2023 жылдың соңына дейін облыста 10 мектеп, 13 денсаулық сақтау объектісі, 4 мәдениет үйі, 8 спорт нысаны пайдалануға беріледі, - деді Ербол Қарашөкеев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Облыс әкімінің айутынша, бүгінде өңірде жалпы 11,5 мың оқушыға арналған 28 мектеп салынып жатыр.
Оның жетеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеруде. Биыл Жамбыл, Тұрар Рысқұлов және Шу аудандарында 3 мектеп салынса, жыл соңына тағы 10 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 14 нысан күрделі жөндеуден өтті, ал 3 объектідегі жұмыс жыл соңына дейін аяқталады, - деді ол.
Ербол Қарашөкеев өңірде оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
Мектептердегі жаратылыстану-математикалық бағытындағы кабинеттер 75%-ға жаңартылды. Балалар мен жасөспірімдердің демалысын ұйымдастыру, сауықтыру бағытында «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы іске қосылды, - деді өңір басшысы.
Облыста медициналық нысандар қарқынды түрде салынып жатыр.
Биыл өңірде 24 денсаулық сақтау нысаны салынады деп жоспарланған. Оның алтауы тапсырылды. Жыл соңынан дейін тағы 13 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Мұндағы ең ірі нысан – Тараз қаласындағы облыстық онкологиялық диспансер (200 науқасқа арналған), Шу ауданындағы балаларға арналған оңалту орталығы. Сонымен қатар 3 ауданаралық көпсалалы орталық аурухананы қайта құру және 3 аудандық орталық аурухана салу жоспарда бар, - деді Ербол Қарашөкеев.
Облыста биыл медициналық керек-жараққа шамамен 4 млрд теңге қарастырылған.
3,9 млрд теңгеге ауруханалар мен емханаларға медициналық жабдықтар мен жедел жәрдем көліктері сатып алынып, мекемелердің медициналық техникалармен қамтылу дейгейін 91,9%-дан 96%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ маңызды оқиғалардың бірі ретінде мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік оңалту орталығының ашылуын, аутизмі бар балаларды қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының пайдалануға берілуін атап өткім келеді, - деді ол.
Ербол Қарашөкеев спорт инфрақұрылымын дамытуға мән беріліп отырғанын жеткізді.
«Өңірде 23 спорт нысаны салынады деп жоспарланған. Оның алтауы ел игілігіне берілді. Тағы 8 нысан жыл соңына дейін тапсырылмақ. Сондай-ақ 38 заманауи спорт алаңдары іске қосылды. Облыс спортшылары түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда 1305 медаль жеңіп алса, оның 496-і алтын, 397-сі күміс, 412-сі қола», - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар ол мәдениет объектілеріне тоқталды.
«Жамбылдықтарды мәдениет нысандарымен қамтылу деңгейі жыл соңына дейін 80,6%-дан 84,8%-ға дейін жетеді. 16 мәдениет нысанын салуды жоспарлап отырмыз. Оның алтауы тапсырылды, тағы төртеуінің құрылысы жыл соңына дейін тапсырылады», - деп түйіндеді сөзін Ербол Қарашөкеев.