Меценат Исламбек Салжанов қазақ тіліндегі блокчейн туралы кітаптардың 8 мың данасын барлық қалалық және аудандық кітапханаларға тапсырды

Айнұр Шошаева

Жаңа технологиялар туралы төрт əлемдік бестселлер еліміздің барлық қалалық жəне облыстық кітапханаларының сөрелеріне жіберіледі

фото: Halyq Uni

Астанада белгілі кəсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының негізін қалаушы Исламбек Салжановтың бастамасымен студенттермен кездесу өтті. Жиынға «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Əсел Жанасова, Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиева жəне Блокчейн технологиялары мен деректер орталықтары қауымдастығының басқарма төрағасы Дəурен Қарашев қатысты.

Iс-шара барысында Исламбек Салжанов қазақ тілінің білім берудегі өзектілігіне тоқталып, кітаптарды қазақ тіліне аудару – еліміз үшін басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Сондай-ақ, еліміздегі барлық қалалық жəне аудандық кітапханаларға 8 мың дана кітап тапсырылатынын хабарлады.

«Бүгін біз, Altyn Qyran Foundation, Қазақстан блокчейн технологиялары жəне деректер орталықтары қауымдастығы, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамымен, сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапханамен жəне «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп атқарған жақсы жұмысымызбен бөліскіміз келеді. Қазақ тіліндегі жаңа технологиялар туралы төрт əлемдік бестселлер еліміздің барлық қалалық жəне облыстық кітапханаларының сөрелеріне жіберіледі. Олар «Блокчейн технологиясы», «Ақшаның қысқаша тарихы», «Криптовалюта дəуірі» жəне «Шындық машиналары» - ең қолжетімді жəне блокчейн технологиялары, криптоиндустрия, WEB3 қандай екендігі жəне прогресс қайда жатқаны туралы қызықты 4 əлемдік кітап», - деді меценат.

Бұл кітаптардың барлығы онлайн форматта «Алтын Қыран» қорының ресми сайтында қолжетімді.

«Ал қазір біз өте күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бəрімізге блокчейн технологиясы, жасанды интеллект, заттардың интернеті, кеңейтілген виртуалды шындық жəне т.б. сияқты жаңа технологияларды меңгеру керек. Ал болашақта оларға өзіміз де бір нəрсе қосуға тиіспіз. Бұл технологиялар əлі даму сатысында. Ал біз, қазақстандықтар, ең алдымен, жастар осы үдерістердің басында болуымыз керек. Бұл кітаптарды еліміздің барлық 168 аудандық кітапханаларына жеткізу арқылы біз Қазақстанның ауыл жастарының жаһандық инновациялық білімге қол жеткізуіне мүмкіндік береміз. Бұл кітаптарға онлайн қолжетімділік əрбір қазақстандыққа инновациялық технологияларды меңгеруге жол ашады», - деді спикер жастарға.

Сондай-ақ іс-шарада Блокчейн технологиялары жəне дата орталықтары қауымдастығының басқарма төрағасы Қарашев Дəурен «Блокчейн, криптоиндустрия жəне Web3 дегеніміз не» деген тақырыпта баяндама жасады.

Блокчейн жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытуға айтарлықтай əсер етеді. Бүгінде жас кəсіпкерлер орталықтандырылмаған жобаларды құру, қаржылық инклюзияны жақсарту жəне білім беру, үкімет, энергетика, логистика, денсаулық сақтау жəне экономикамыздың басқа секторлары сияқты əртүрлі салалардағы ашықтықты арттыру үшін блокчейнді пайдалануда, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қайырымдылық көмек көлемі бойынша Қазақстандағы ең ірі қорлардың ондығына кіреді жəне үш негізгі бағытта – білім беру, мəдениет жəне əлеуметтік инфрақұрылым бойынша жұмыс істейді.

АНЫҚТАМА ҮШІН:

Аталған кітаптардың электронды нұсқасын жүктеп алуға арналған сілтемелер:

«Криптовалюта дəуірі» - кітап биткоиннің тарихын баяндайды жəне қазіргі əлемдегі криптовалюталардың рөлін талдайды.

«Ақиқат машинасы» - кітап блокчейн технологиясы жəне оның бизнестің əртүрлі секторлары мен өміріміздің салаларын қалай өзгертетіні туралы айтады.

«Блокчейн технологиясы» - блокчейн технологиясының əлеуетін талдау туралы кітап.

«Ақшаның қысқаша тарихы» кітабы биткоиннің экономикалық жəне қаржылық негіздерін қамтиды.

Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры 20 жылдан астам уақыт бойы қайырымдылық қызметпен айналысып келеді жəне Қазақстандағы ең ірі он қайырымдылық қорының бірі.

Қазақстандық блокчейн технологиялар қауымдастығы 2021 жылы құрылды жəне оның негізгі мақсаты – Қазақстанда блокчейн технологиясы саласын дамыту.