Өңірге инвестиция тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу көзделіп отыр
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңір тұрғындарының орташа айлық жалақысы республикалық деңгейден анағұрлым төмен екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«2023 жылғы 3 желтоқсанның қорытындысы бойынша облыстағы орташа номиналды табыс 130 мың теңге болса, орташа жалақы – 257 мың теңге, ал медианды жалақы 212 мың теңге болды.
Әрине, облысымызда жалақы мөлшері басқа өңірлермен салыстырғанда ең төмен. Бұл дәстүрлі түрде солай. Біріншіден, халықтың табысын арттыру үшін бізге ірі индустриялық жобаларды іске қосып, экспортты ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жалақы көлемін арттыру керек. Халықтың жағдайын көтеру – ең өзекті мәселенің бірі», - деді Ербол Қарашөкеев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Жамбыл облысы әкімдігінің дерегінше, өңірде тұрмысы төмен 7909 отбасы (42 043 адам) тұрады.
Айта кетейік, биыл үшінші тоқсанда Қазақстанда орташа айлық жалақы мөлшері 350,5 мың теңге болды.
Орташа айлық жалақы мөлшері тұрғысынан республика бойынша көш басында Атырау облысы (602,4 мың теңге), одан кейін Маңғыстау (519,1 мың теңге) және Ұлытау (471,3 мың теңге) облыстары тұр.
Орташа жалақы мөлшері тұрғысынан көш соңында Түркістан облысы (248,9 мың теңге) және Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр.