Halyq Uni логотип
×

Павлодар облысында ауыл тұрғынынан 55 ақбөкеннің мүйізі табылды

Сотқа дейінгі тергеу басталды

 Динара Амантай 05.12.2023 | 10:58
Павлодар облысында ауыл тұрғынынан 55 ақбөкеннің мүйізі табылды
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Павлодар облысының Баянауыл ауданында ауыл тұрғынынан 55 ақбөкеннің мүйізі табылып, тәркіленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ер адамның өзі түсіндіргендей, ол жұптасу кезеңінде зорығып өлген ақбөкендердің өлекселерінен мүйіздерін кесіп алған. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы («Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның барысында тиісті сараптамаларды тағайындаумен барлық мән-жайлар анықталатын болады.

Бүгінде Павлодар облысының аумағында аң аулауға тыйым салынған 20 мыңнан астам ақбөкен бар. Жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 134 фактісі анықталды, – делінген Павлодар облысының ПД хабарламасында.

Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерімен, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз әрекет жасағаны үшін ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген. Осы бап бойынша 3 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартумен, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен, не белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жаза көзделген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама