Chery Tiggo 2 Pro көлігінің жүргізушісіне қатысты тергеу басталды
Астанада тағы бір мас әйел жол апатын жасады. Polisia.kz-тің хабарлауынша, оқиға Майлин көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысына жақын жерде болған. Chery Tiggo 2 Pro автокөлігінің жүргізушісі Майлин көшесімен Абылай хан даңғылына қарай бара жатып, қарсы бағытқа шығып, Hyundai Accent көлігімен жанама соқтығысқан. Соның кесірінен Hyundai Accent көлігінің жолаушысы жарақат алған.
Жол ережесін бұзған әйелдің бұдан бұрын да көлікті мас болып жүргізгені белгілі болды. Тексеру нәтижесі бойынша 38 жастағы жүргізуші әйелдің қанында алкоголь мөлшері 1,99 промилле құрамы болғаны расталды.
Қазір осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы («Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Chery Tiggo 2Pro көлігі коммуналдық тұраққа қойылды.