Ол басқа тілдерді де үйренуге ниетті
Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеп жүрген Бағжан Болатұлы 7 тілді меңгерген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, ол «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №6699 әскери бөліміне Алматы қаласынан шақырылған. Қатардағы жауынгер Түркияда білім алған.
Мен орыс, ағылшын, түрік, әзербайжан, испан, француз, чех тілдерін білемін. «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деген нақыл сөз бар. Тіл үйрену арқылы сол ұлттың мәдениеті және дәстүрімен танысуға болады. Менің полиглот болуыма Еуропада білім алуым әсер етті. Себебі мен араласқан адам көп тілді білді, - деді Бағжан Болатұлы.
Ол мерзімді әскери қызметін өткергеннен кейін әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет етпек. Қатардағы жауынгер әскери салада жүріп те шет тілін меңгеруге болады деген пікірде.
Алдағы уақытта жапон, парсы тілдерін үйренсем деймін. Жеке қойын дәптерім бар. Он тілден артық тіл білгім келеді. Жүйелі жоспар құрдым, - деді жауынгер.