Оқиғадан зардап шеккендер №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді
Астанада аялдамадағы әйнек ерлі-зайыптының үстіне құлады. Соның салдарынан ер адам ауруханаға жеткізілген.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде пайда болған еді.
3 желтоқсанда таңертең Астанада Абылай хан көшесі, 60-үй мекенжайындағы аялдамада ата-анам тұрған. Желден аялдаманың әйнегі құлап, әкемнің жамбасы сынған. Операция жасау жоспарланып жатыр. Егде жастағы адам қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстың құрбаны болды, - деді видео авторы.
Кадрдан қатты жел салдарынан аялдамадағы әйнектің сол жерде тұрған ерлі-зайыптының үстіне қалай құлағанын көруге болады. Екеуі де жерге құлап түседі. Әйел көп ұзамай орнынан тұрып, күйеуіне көмектесуге тырысады, бірақ ер адам орнынан тұра алмаған.
Кейін бұл ақпаратты қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады. Оқиғадан кейін зардап шеккендер №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген.
Жан-жақты тексеру және алқалы тексеру нәтижесінде жарақат алған науқас ауруханаға жатқызылды. Науқастың жағдайы тұрақты. Операциялық ем бүгінге жоспарланған, - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.