Сырдария тартылып барады. Үкімет су проблемасын қалай шешпек
Мәселе шешілмесе, оңтүстіктегі шаруалар сусыз қалады
Премьер-министр Су кеңесінің отырысын өткізді. Онда Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы қаралды, дейді үкімет.
«Жиында биыл Сырдария өзені бассейнінде су таяздығы циклі жалғасып жатқаны айтылды. Бұл орайда бассейн елдері су шаруашылығындағы күрделі жағдайдың теріс салдарын болдырмау үшін келісіп әрекет етіп жатыр. Мәселен, Тоқтоғұл су қоймасында судың жиналу жағдайы тұрақтанды. Қазақстан мен Өзбекстан «Бахри Точик» су қоймасының қарқынды вегетациялық кезеңдегі жұмыс режимін Тәжікстанмен келісіп жатыр», – делінген ақпаратта.
Бұл шаралар Сырдария өзенінің жоғарғы және орта ағысындағы, сондай-ақ Түркістан облысының Жетісай мен Мақтаарал аудандарындағы фермерлерді «Достық» каналы арқылы маусым-тамыз айларында шамамен 550 млн м3 көлемінде – өткен жылғы деңгейде суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.