Енді олар жобаның бағасын өз қалауы бойынша өсіре алмайды
Көлік министрі Марат Қарабаев жол салатын компаниялардың басшыларына ескерту жасады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Ол республикалық маңызы бар жолдарды автокөлікпен жүріп өтіп, жолдардың сапасын тексерді.
Қызылорда облысында China Civil Engineering Construction Corporation мердігерлік ұйымының базасында Марат Қарабаев жиналыс өткізді. Оған «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен 5 құрылыс компаниясы қатысты. Ұзындығы 208 шақырым болатын «Қызылорда-Жезқазған»тасжолын реконструкциялау жобасын Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) қаржыландырады. Жолды III техникалық санаттан II техникалық санатқа ауыстыру көзделіп отыр.
Қазір жолдың 85 шақырымына асфальтбетон төселіп, ол пайдалануға берілген. Жолды 2024-2025 жылдары толық аяқтау жоспарланып отыр.
Алайда мердігер компаниялар жоба құнын ұлғайту мәселесін көтеріп отыр. Осыған байланысты Марат Қарабаев енді жол салатын компанияларға жобаның құнын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейтінін қатаң ескертті.
Кейбір компаниялар жұмыс басталған алғашқы жылы жұмыстарды әдейі кешіктіріп, алдағы 3-4 жылда жобаны қымбаттау мәселесін алға тартады. Осындай жағдайға тап болып отырмыз. «Енді келісілген сомадан артық ештеңе берілмейді» деп бірден айтамын. Бұрын-соңды басқа учаскелерде, атап айтқанда «Қарағанды – Балқаш» және «Талдықорған – Өскемен» учаскелерінде жұмыс істеген әріптестеріңіздің тәжірибесіне қараңыздар. Бұл баршаға сабақ болып, енді қайталанбауға тиіс. Бұдан былай жол жобаларында қолдан қымбатшылық жасауларыңызға жол берілмейді. Қолыңыздан келмесе, келісімшартты бұзып, жұмысты сол жерден тоқтатыңыз. Бұл барлық мердігер мен жобаға қатысты, - деді министр.
Cонымен қатар ол сенімсіз жол салатын компаниялар жаңа жобаларға қатыстырмау үшін заңнамаға өзгерістер енгізуге бастамашы болғанын айтты.
«Қара тізім» бұрын да болған. Алайда қазір аталған норманы пайдалану аясын одан әрі кеңейткіміз келеді. Сондықтан елімізге алғаш рет кіріп жатқан компаниялар бірден өздеріне «Қазақстанға ұзақ уақыт жұмыс істеуге келдік пе, әлде жоқ па?» деген сұраққа жауап беруі керек. Өйткені алдағы 6 жылда 8 мың шақырымға жуық жолда құрылыс жұмысын жүргізу жоспарланып отыр, - деді Марат Қарабаев.
Сондай-ақ министр компанияларға кеңес берді.
«Барлық қажет техниканы өздеріңізбен бірге алып келіп, ұзақ мерзімге жауапты қызметкерлерді жалдаңыздар. Егер мердігер жобаға кірісіп, алайда техниканы сатып алу үшін бізден аванс күтіп отырса, біз онымен қоштасуға мәжбүр боламыз. Мұндай тәжірибе біз үшін таңсық емес», - деді ол.