Halyq Uni логотип
×

Академик Әділ Ахметовтің екі бірдей еңбегі жарыққа шықты

«Жаһанданған әлемнің геосая­­си келбеті» монографиясы мен «Викиңдердің ізімен» еңбегінің тұсауы кесілді

 Ербол Тұрымбет 02.12.2023 | 16:10
Академик Әділ Ахметовтің екі бірдей еңбегі жарыққа шықты
Фото: Алмат Қапанов

Елордада Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметовтың «Жаһанданған әлемнің геосая­­си келбеті» монографиялық еңбегі мен «Ви­­киң­дер­дің ізімен» атты туындысының тұсаукесер рәсімі өтті.

«Жаһанданған әлемнің геосая­­си келбеті» монографиясында автор Нобель сыйлығы лауреаттарының жаз­ған­да­рына сараптама жасаған. Сонымен қатар, егемен еліміздің әлемдік геосаясаттағы дара жолын көрсететін сараптамалық мақалалары топтастырылған.

Кітапта Батыстың Шығысты мой­ын­дауы, Сингапур елін биік белес­ке көтерген Ли Куан Ю тағы­лымы, Том Батлер-Боудонның «Ғұ­мы­­рыңызды өзгертуге серпінді шабыт сыйлайтын классикалық 50 кітап» атты кітабы кең қамтылған.

Ал «Ви­­киң­дер­дің ізімен» кітабында байырғы Орта Азиядан Еуропаға қоныс аударып, еуропалықтардың болмысын өзгерткен көптеген жауынгер тайпалардың тарихы туралы баяндалған. Норвегияның әйгілі тарихшы ғалымы Стурла Эллингвaгтың зерттеуінше, Қазақстанда болған бір апталық сапар кезінде зерттеушілер Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстарының аумағынан ерте қола дәуіріне жататын бас-аяғы 120 адамның қаңқа сүйектерін тапқан.

Автор Норвегиядағы викинг қорғандары мен еліміздегі сақ қорғандарының арасында туыстық байланыс бар екенін айтады. Сондай-ақ Солтүстік Еуропада да сақ қорғандарының бар екендігі ғылыми дәлелдермен абаяндалған. Себебі Норвегия қор­ған­дарынан табылған артефактілер мен Алтайдағы Берел қорғандарынан та­был­ған артефактілердің ғажап ұқсас­тығы скан­динавиялық викингтер мен сақтардың түпкі тегінің бір екенін дәлелдейді.

Филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы бұл кітапты бір деммен оқып шыққанын айтады. Оның пікірінше, тек ғалымдарға арналған ауыр академиялық стильмен емес, жалпы көпшілікке, жоғары білімі бар адамдардың қай-қайсына да өте жеңіл, түсінікті тілмен жазылған, оны оқыған адам көп мәлімет алады.

Осы кітаптағы «шетланд» немесе «ортиджар» деген Скандинавиа сөздерінің біздің тілмен ұқсастығы. Швед тілінен алынған «аке» сөзінің біздің «әке» сөзімен бірдей мағына беретіндігі, скандинав тіліндегі «трана» сөзінің біздің тілдегі «тырна» сөзімен сәйкесуі, ағылшын тіліндегі «бутси» дегендегі «бут» қырғыздарда аяқ мағынасын береді. Біздің тілде мағынасы өзгешелеу болғанымен, ол да аяққа қатысты. Осындай салыстырудың арқасында лингвистикалық деректер өте мол, – дейді ол.

Одан бөлек, қорған мәдениетін де мысалға келтіреді. Швециядағы 250 қорған, Норвегияда 300-ге тарта қорған болса, соларпдың үлгісі біздің қазақ жеріндегі, Алатаудағы, Алтайдағы немесе Хакасиядағы, Тывадағы қорғандармен болмыс-бітімі, салу үлгісіндегі ұқсастығын тамаша келтіргенін айтады. Осы қорғандарды зерттеген ғалымдардың қайран қалғаны, оның ішінде табылған ою-өрнектер, әсіресе біздің ең сүйікті стиліміз – бұғы, марал секілді аң стилі біздің төл мәдениетіміздің бір үлгісін көрсетеді.

Туынды авторы Әділ Құрманжанұлы да кітапты жазуға не түрткі болғанын айтып берді.

Ослода Еуропа қауіпсіздігі ұйымының ассамблеясына барғанда қарасақ, бір кітап дүкенінің аты «Таным» екен. Оларда бүкіл зат есімдерінің 90%-ы дауыстыға бітсе, «-тер», дауыссызға бітсе, «-дер» көптік жалғауы жалғанады екен. Осыдан басталды. Соның ақыры осындай кітапқа ұласты, – дейді автор.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, автор өзі оқыған туындылардан ең маңызды тұстарын оқырманға шебер жеткізген.

Үлкен алпауыт мемлекеттердің басшылары мен солардың жанында жүрген азаматтар, мысалы әкелі-балалы Буштар, ұзақ жыл қатарында болып, жақында дүниеден өткен Генри Киссинджер немесе Бзежинскийдің жазған кітаптары, осы аталған кітаптың біразын жұрт оқыған да болуы мүмкін. Бірақ бәріміз кітапты оқимыз да қызық кітап екен деп сол күйінде жауып қоя саламыз. Ал мына кітаптан оқырманның байқайтыны, Әділ ағамыздың сол кітаптарды қызыға оқып, содан кішкентай да болса қорытынды шығаруға тырысатындығы, – дейді Жақсыбек Құлекеев.

Оның сөзінше, жазылған әрбір үлкен еңбектің ішінде ойдан кетпейтін жері, нәрі болады. Соның бәрін автор қысқаша тұжырымдық мақалаларында немесе эсселеріне сыйғызып отырған. Сондықтан бұл жерде аты аталған өте үлкен, дүние жүзіне танымал болған, дүние жүзінің экономикалық саясатына ықпал жасаған азаматтардың тарихы, еңбектері туралы осы жерде тұтас дүние айтылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама