Ақмола облысында инспекторлар қорық аумағына туыстарының 700-ден аса жылқысын жайған
Қорықтың басшылығына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр
Ақмола облысы прокуратурасының актісі бойынша табиғи қорықтың қызметкерлері жіберілген бұзушылықтар үшін жұмыстан босатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық прокуратура орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының инспекторлары мен басшылығы ерекше қорғалатын аумақтың күзету режимін бұзғаны анықтады.
Ерекше қорғалатын аумақта заңсыз шөп шабу және мал жаю басшылықтың келісімімен тікелей қорықтық режимді қорғауға уәкілетті тікелей қорық инспекторларымен ұйымдастырылған. Соның салдарынан қорыққа айтарлықтай шығын келтірілген. Қорық аумағына инспекторлардың жақын туыстарына тиесілі 700-ден астам жылқы жіберілген, – делінген хабарламада.
Қорықтық режимді бұзғаны және өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланғаны үшін 3 инспектор, оның ішінде табиғи кешендерді қорғау бөлімінің басшысы қызметтерінен босатылды.
Қорықтың басшылығына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.