Halyq Uni логотип
×

«Қажекей кисем денем тоңбайды»: ұлттық киім акциясын «Әділдік жолы» ұжымы да қолдады

Бұл акция бұқаралық сипат алып, Қазақстанның әрбір ұжымында жалғасуы мүмкін

 Гүлбаршын Нұрхан 01.12.2023 | 18:16
«Қажекей кисем денем тоңбайды»: ұлттық киім акциясын «Әділдік жолы» ұжымы да қолдады
фото: Halyq Uni

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап «Ұлттық сезім» флешмобы басталды. Еліміздің беделді компаниялары Kusto Group, Tas Group, Chocofamily Holding, «BI Group», Invictus, Novopack, Bilim Media Group, Ordamed Group, MYD Production, SDC, Freedom Holding Corp, AQ Group компаниялар тобы, Ұлттық спорт қауымдастығы мен оған мүше федерациялардың қызметкерлері жұмысқа ұлттық киіммен келді.

Бұл акцияны «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері де қолдап, жұмыс кеңсесіне ұлттық киіммен келді. Бірлестік қызметкерлері қазір елімізде ұлттық киімді сәнді әрі сапалы етіп тігетін фабрикалар көбейгенін айтып, ұлттық киімді аптасына тек бір рет емес, үнемі киіп жүруге дайын екенін жеткізді.

«Керемет идея, қазір елімізде ұлттық киімді сәнді ететін мықты дизайнерлер шығып жатыр. Ұлттық нақышта әдемі бұйымдар жасап, көйлектер тігіп жатыр. Қазір сәнді киімдер арасында ұлттық нақыштағы мықты, сапалы заттар көп. Оларды қолдау керек деп ойлаймын. Өзім тек «Ұлттық сезім» жобасын қолдау үшін киіп жүрген жоқпын. Үстімдегі қажекейдің жұмыста үнемі ілініп тұратынын әріптестерім біледі. Қажекей кисем, арқам тоңбайды. Сапалы әрі сәнді. Сол үшін күнде киіп жүремін», - дейді «Әділдік жолы» РҚБ қызметкері Азиза Тұрар.

«Әділдік жолы» РҚБ қызметкері Әсем Ахмет образын өз қолымен жасап шыққан. Алдымен пиджак сатып алған және оған ою-өрнекті өз қолымен салып шыққан. Тіпті, басындағы шекелікті де бір түнде жасапты.

Образымды Наурыз мейрамында жасадым. Теріден жасалған пиджак сатып алып, оған өзім өрнектер салдым. Шекелікті де өзім бір түнде жасадым. Мен жай ғана қазақша киімді жалға аламын деп ойлаған едім, бірақ анам қолдау көрсетіп, өзімнің жасай алатыныма сенім білдірді. Қазір қымбат киімдерді сатып алмай-ақ, әдемі образдарды да қолдан жасауға болады, - дейді Әсем Ахмет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама