Нарынқолда Қытай туристері үшін жаяу өткізу пунктін ашу жоспарланып отыр
Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді
Қытайдан келетін туристер үшін Нарынқол ауданында шетелдік туристер үшін жаяу өткізу пункті ашуды жоспарланып. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өңір басшысының айтуынша, биыл жарты жылда ішкі туристер саны 13% өсіп, 1,1 млн адамға жеткен.
Сондай-ақ шетелдік туристер 12 есеге көбейіп, 74 мың адам болды. Нарынқол ауданында Қытайдан (келетін) туристерге арналған жаяу өткізу пунктін ашуды жоспарлап отырмыз, - деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс басшысының айтуынша, өткізу пунктін ашқан соң Алматы облысына келетін туристер саны 1,2 млн адамнан 2 миллионға дейін өседі деп жоспарланып отыр.
Еске салайық, 10 қарашада Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді. Екі тараптың келісіміне сәйкес, Қытай және Қазақстан азаматтары көрші елде шекарадан өткен күннен бастап 30 күнге дейін визасыз бола алады. Жалпы 180 күн ішінде визасыз 90 күннен артық жүре алмайды.
«2023 жылғы 10 қарашада Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді. Осы келісімнің 1-ші бабына сәйкес, екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сонымен бірге іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет», деп жазылған Қазақстан СІМ-нің хабарламасында.