×

«Қынадай қырылып қаламыз»: 24 жыл зардап шеккен елордалықтар министрмен кездесті

Бір көше тұрғындарының 75 пайызы ауырады

 Еркеғали Болатұлы 21.05.2022 | 10:35
фото: ашық дереккөз

Елорданың бұрынғы Күлтегін, қазіргі Бишіқайың көшесінде 24 жылдан бері жоғары кернеулі бағандардың салдарынан әр үйде онкологиялық сырқатқа шалдыққан адам өмір сүріп жатыр. Дерт меңдеген біраз азамат о дүниелік болып кетіпті.

КТК телеарнасына шағымданған жұрт «Бұлай жалғаса берсе, қынадай қырылып қаламыз» деп қорқып отыр. Айтуларынша, 1998 жылы бұл бағандарды тұрғындардың қақ төбесінен жүргізгенде шенеуніктер «уақытша, кейін сіздерді басқа жерге көшіреміз» деп ант-су ішіпті. Енді сол уәденің орындалмағанына биыл 24 жыл толып отыр.

Адамның өміріне зиян. Біздің көшемізде ауырмайтын адам жоқ. Жүз адам болса, соның 75 пайызы ауырады. Менің өзім онкологиямен ауырамын. Қызым да ауырады, күйеуімде давление. Бір үйде төрт адам тұрсақ, соның үшеуміз учетта тұрамыз, - дейді Гүлжан Байнүкеева атты тұрғын.

«Қысқа толқынды пештің ішінде өмір сүріп жатқандаймыз» деп ашынған азаматтар кеше Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың елордалықтармен кездесуіне де барған. Олар өз көшелерінде санитарлық норма талаптары бұзылғанын растаған Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысы болса да неге әлі күнге сең қозғалмай жатқанын түсінбей дал.

«Менің он жасар баламның бетінде ісік пайда болды. Біз онколог дәрігердің есебінде тұрмыз. Оған ота жасау керек. Біздің көшеде ересектерді былай қойғанда, тіпті сау бала қалмай бара жатыр. Бұл не сұмдық?!» - деді сол көшенің тағы бір тұрғыны Гүлден Әділбекқызы.

Көше тұрғындары осы мәселеге жауапты «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ-ның өкілдеріне арызын айта барғанда, олар мысқылмен жауап беріп, миығынан күліп шығарып салыпты. Кешегі жиынға да қатысқан олар басында «ешқандай ереже бұзылмаған» деп міз бақпады. Ал артынша компанияның бас инженері Руслан Өтебаев «құр дауласа бергенше, бізді сотқа беріңдер» деп қалды.

Кейін дау-дамайды үнсіз қағазына түрте отырып тыңдаған Энергетика министрі Болат Ақшолақов сөз алды.

Бұл бұрын өте үлкен мәселе еді. Осындай тым төмен, ашық орналасқан электр желілері көп болды. Кейін олардың барлығы жерасты кабеліне алмастырылды. Сіздердікі секілді тұйық көшелер назардан тыс қалып қойған болуы керек. Көрейік, жағдайды бағамдайық, бізге уақыт беріңіздер, - деді ол.

Бастапқыда «орынбасарларымды жіберемін» деген министрдің артынша тоқтың зардабын тартқан ашулы тұрғындардың жай-күйін өз көзімен көруге уәде беруіне тура келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама