×

«400 грамм болып туған сәбилер аман қалды»: Неонатолог шала туған шақалақтардың жайын айтты

Қазақстанда жыл сайын 22 мыңға жуық бала шала туады

 Ая Өміртай 30.11.2023 | 18:12
Бектұрған Қарин, неонатолог

Қазақстан шала туған балаларды аман алып қалу жөнінен Орталық Азия елдері арасында алдыңғы қатарда. Бұл туралы Қазақстанның жетекші сарапшылары Халықаралық шала туған балалар күніне орай (17 қараша) Астанада өткен жиында айтты.

Жиынға қатысқан Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неонатологы Бектұрған Қарин жаңа туған нәрестелер өлімінің негізгі себебі мен онымен күресу әдістеріне тоқталды.

«Әлемде жыл сайын шала туған 15 миллион нәресте дүниеге келеді – бұл жалпы жаңа туған балалардың 10%-нан астам. 2008 жылдан бастап Қазақстанда Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес ДДҰ ұсынған нәрестелердің өміршеңдігін бағалаудың жаңа критерийлері енгізілді. Құжатта әрбір баланың өмір сүруге құқығы бары, мемлекет оның салауатты дамуын барынша қамтамасыз етуі керектігі айтылған.

Қазақстан тәуелсіздік алған кезде нәрестелер өлімі 23 промилле (1000 адамға шаққанда – авт.) болды. 2021 жылы бұл көрсеткіш 5 промилле, ал 2023 жылы – 4,3 промилле болды. Яғни, 30 жыл ішінде елімізде нәрестелер өлімі бес есеге азайды. Айтпақшы, бұл Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Мысалы, 2021 жылы жаңа туған нәрестелер өлімі Қырғызстанда 12 промилле, Түрікменстанда 23 промилле, Өзбекстанда 8 промилле, Тәжікстанда 14 промилле болды», - деп атап өтті маман.

Неонатолог Қазақстанда шала туған нәрестелерге қалай күтім жасалып жатқаны және олардың дені сау болып өсуіне мүмкіндік бар-жоғы туралы айтып берді.

«400-500 грамм салмақпен туып, аман қалған балалармен жұмыс істедім. Бұл сирек кездесетін жағдай. Әрине, оларда жеңіл неврологиялық асқынулар болды. Шала туған нәрестелерге күтім жасау үшін арнайы дайындалған адамдар мен жоғары технологиялық жабдықтардың тұтас командасы қажет. Біз мамандарды біліктілігін арттыру мақсатында тек Қазақстанның ішінде ғана емес, шетелге де жібереміз. Осының арқасында Қазақстанда нәрестелер өлімі тез төмендеп келеді», - деп атап өтті Бектұрған Қарин.

Маманның айтуынша, Қазақстанда жаңа туған нәресте мен сәбилер өлімінің басты себебі – шала туу.

Елімізде жыл сайын 22 мыңға жуық шала туған нәресте дүниеге келеді, бұл жүктіліктің 37 аптасына дейін туған балалар. Статистикаға сәйкес, шала туған әрбір жүз сәбидің дене салмағы қалыпты нормадан төмен немесе өте төмен болады. Бұл салмақ санатындағы өлім көрсеткіші 50%-дан асады. Ондай балалар аз, бірақ көбіне шетінеп кетеді, - деді маман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама