×

Астана тұрғыны 4 адамға қала маңында жоқ жер телімдерін «сатқан»

Алдымен полицияға қала тұрғыны хабарласып, алаяққа 2,5 миллион теңге бергенін жеткізген

 Еркеғали Болатұлы 30.11.2023 | 17:24
фото: Halyq Uni

Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдері қала маңында жоқ жер телімдерін «сатып» жүрген 39 жастағы ер адамды анықтады.

Алдымен полицияға қала тұрғыны хабарласып, алаяққа 2,5 миллион теңге бергенін жеткізген.

Анықталғандай, жәбірленуші қала іргесіндегі ауылдан үй салу үшін жер телімін алуға шешім қабылдағанын айтқан. Осы оңтайлы сәтті өз пайдасына шешпек болған танысы мемлекеттік мекемемен байланысын алға тартып, оны жерді рәсімдеуге көмектесетініне сендірген, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ алаяқтың дәл осындай жолмен тағы бір тұрғынды алдап, оның 3 миллион теңгесін жымқырғаны белгілі болып отыр.

Тергеу барысында полицейлер қала тұрғындарын алдап, арзан бағаға алу үшін жәбірленушілерге өтірік сатылымдағы төмен баға қойылған жер телімдерін көрсеткенін анықтаған, - деп мәлімдеді полиция.

Жалпы, қазір оған сеніп, ақшасын беріп қойған 4 жәбірленуші белгілі болып отыр.

Алаяқтық жасаған күдікті қылмысын мойындады. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі («Аса ірі көлемдегі алаяқтық») бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицейлер атап өткендей, бұл баптың санкциясы бойынша мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама