×

«Облыс әкіміне бір ай уақыт бердік» - шаруа қауымдастығының өкілі

Шаруалар Үкімет несиені кешіріп, өтемақы төлесе деген өтініш айтты

 Айнұр Асылбекқызы 21.05.2022 | 00:24
фото: atr.kz

Атырауда облыс әкімі Серік Шәпкеновпен шаруа қожалығының өкілдері кездесті.

Кездесуге 60-қа жуық шаруа қатысты. Олар әкімге көптен бері шешілмей келе жатқан проблемаларын айтты. Онда облыста үлкен проблемаға айналған  жайылым, шабындық жерлер, ветеринариялық ахуалды тұрақтандыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, субсидияны бөлу тәртібі мен белгіленген лимит бойынша суды пайдалану сияқты басқа да мәселелер талқыланды.  

Бүгінде Атырау облысында 3 200 шаруашылық тіркелген. Соның ішінде 2 000 шаруа қожалығы ғана жұмыс істеп тұр. Егін шаруашылығымен 350, мал шаруашылығымен 1650 шаруа қожалығы айналысады.

Жиында шаруалар жаппай қырылған малдың 40 пайызынан астамына Үкімет тарапынан өтемақы төлеуді сұрады. Тіпті, талап етті десе болады.

Естеріңізге сала кетсек, биыл ақпан мен наурыз айларында Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай, Махамбет аудандарында төрт түлік мал жаппай қырылған еді. Соның ішінде Қызылқоға ауданындағы «Ойтаң» шаруа қожалығына тиесілі 200-ден астам қой, 10 бас сиыр тіл тартпай кеткен болатын. Осы ретте, Айбар Ерекешов деген азамат шаруа қожалықтары иелерінің «Ауыл шарушалығын қаржылау қолдау қоры» АҚ мен екінші деңгейлі банктерден малды асылдандыруға алған несиелері туралы айтты.

- Шаруа қожалықтарының 98 пайызы несиемен отыр. Біз мал шығынынан зардап шеккен шаруалармыз. Сол несиемізді төлей алмай отырмыз. Егер Үкімет өтемақы төлемесе, несиемізді кешіруін сұраймыз. Шаруалар несиелерінің біраз бөлігін өтеді. Енді Үкімет қалған соманы кешірсе немесе қырылған мал үшін өтемақы төлесе дейміз. Соны сұраймыз, - деді ол.

Облыс әкімі осыған қатысты ештеңе демеді. Ал «Шопан ата» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының Атырау облысы бойынша директоры Ғазиз Ғабдуллин  проблеманы айналып өтпей, мәселенің соңына дейін қаралатынын ескертті. Ол облыс әкіміне осы мәселені шешу үшін бір ай уақыт берілгенін атап өтті.

Оның айтуынша, мал өлімі облыста әлі де азаймай отыр. Ол өзінің малы неден өлгенін де біле алмай отырмын, дейді.

«Құрманғазы мен Исатай аудандарында жылқы өлімі Қызылқоға ауданына да жетті», - деді ол.

Бұдан бөлек, Құрманғазы ауданының Азғыр өңірінде бір кездері жабылып қалған ветеринария станциясын қайта ашу мәселесі айтылды. Ауданнан келген ветеринардың айтуынша, ақпан айында алынған қан әлі талдаудан өтпей, сақтаулы тұр .

Кездесуде облыс әкімі Серік Шәпкенов  шаруалардың көтерген проблемаларын мұқият тыңдап, заң аясында мәселелердің түйінін тарқатуға болатынын айтты. Сөз ретін келгенде ол мал дәрігерлердің жұмысына жақсы баға беріп, ветеринарларға «Нива» автокөлігін алып беруге уәде берді.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама