Қостанайда құрылыс краны құлап, бір адам қаза тапты (ВИДЕО)
Қазір қалада көпқабатты үйлердің салынуына қарсы халық көшеге шығып жатыр
Қостанай қаласында Шаяхметов көшесінде орналасқан №130 үйдің жанында құрылыс краны құлап, бір адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлады «Наша газета» басылымы.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, оқиға бүгін сағат 12:50-де салынып жатқан тұрғын үйдің алаңында болған. Кран автокөліктің үстіне құлаған. Көлікте 49 жастағы ер адам отырған. Ол жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.
Полицияның хабарлауынша, Қылмыстық кодекстің 277-бабы 2-бөлігі («Адам өліміне әкеп соқтырған тау-кен жұмыстарын немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша соталды тергеу басталды.
Қазір кранның құлау себебі анықталып жатыр.
Басқа ақпарат тергеу кезінде жариялауға жатпайды, – деп хабарлады полиция.
Ал Шаяхметов көшесінде орналасқан №130 үй тұрғындарының айтуынша, адам қаза тапқан жерде «Елена Д» ЖШС 11 қабатты тұрғын үй салып жатыр. Құрылыс алаңына облыс әкімдігі, қала әкімдігі мен құрылысты салып жатқан компанияның өкілдерінен ешкім келген жоқ.
Әкімдік пен құрылыс компаниялары Қостанайда тағы 19 қабатты үй салғысы келеді. Ол біздің үйге қарама-қарсы тұрған қойманың орнында салынатын көрінеді. Қойма Жеңіс саябағының жанында. Оның мекенжайы: Жеңіс көшесі, 70А үй. Енді ойлап қараңызшы, егер 11 қабатты үйдің құрылыс алаңында осындай қайғылы оқиға болып жатса, болашақта салынатын 19 қабатты үйдің алаңында да адам өміріне қауіпті жағдай болуы мүмкін ғой. Қазір қаланың барлық халқы 19 қабатты үйдің салынуына қарсы болып жатыр. Халық көшеге де шығып, наразылық білдірді. Бірақ оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Енді бар үмітіміз – президентте, – деді №130 үйдің тұрғыны Анжела Ярыгина.
№130 үйдің басқа да тұрғындары көршісінің пікіріне қосылатынын, қалада көпқабатты үйлердің құрылысы адам өміріне қауіп төндіріп жатқанын ескертті.