Хостелдегі өрт салдарынан 13 адам қаза тапты
13 адамның өмірін қиған Алматыдағы қайғылы оқиға бойынша Бас прокурор Берік Асылов тапсырма берді. Қылмыстық істі білікті мамандар тергейді. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мен қаза болған азаматтардың жақындары мен туыстарына көңіл айтқым келеді. Өздеріңіз білесіздер, бүгін түнгі сағат 5:45-те өрт туралы хабарлама жеткен. Бір сағаттың ішінде мамандар (хостелдегі) өртті сөндірді. Алайда 13 адам қайтыс болды. Бұл дерек бойынша Ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғады, - деді Жандос Өмірәлиев Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Бұл іске қатысты Бас прокурор Берік Асылов арнайы тапсырма берген.
«Бұл қылмыстық істі сапалы, жан-жақты тергелуін қамтамасыз ету үшін Бас прокурор тиісті үкім шығарды. Оның тапсырмасына сәйкес Бас прокуратураның білікті қызметкерлері, сондай-ақ Алматы қалалық прокуратурасының қызметкерлері тергеу тобымен бірге тергейді. Барлық күш-жігерімізді салып, қысқа уақытта істі жауапкершілікпен тергейміз», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Еске салайық, 30 қараша таңғы сағат 05:33-те Алматыдағы Ади Шәріпов көшесіндегі хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза тапты.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаза тапқандардың 11-і қазақстандық, біреуі – Өзбекстан, тағы біреуі Ресей (Саха республикасы) азаматы екенін айтты.