Өрт салдарынан 13 адам қайтыс болды
Алматыда өртенген хостел заңды бұзды деген күдік бар. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ғимараттың бірінші және астыңғы қабатында адамдар тұрған деген ақпарат тарап жатыр. Әрине, бұл заңға сәйкес келмейді. Себебі, заңға сәйкес тұрғын үй және тұрғын үй емес деген норма бар... Мен ғимараттың астындағы қабатта адамдардың тұруы заңға қайшы келеді деп ойлаймын, - деді Жандос Өмірәлиев Мәжілістің жалпы отырысынан соң журналистерге.
Еске салайық, 30 қараша таңғы сағат 05:33-те Алматыдағы Ади Шәріпов көшесіндегі хостел өртенді. Өрт салдарынан 13 адам қаза тапты.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаза тапқандардың 11-і қазақстандық, біреуі – Өзбекстан, тағы біреуі Ресей (Саха республикасы) азаматы екенін айтты.
Бұған дейін өрт шыққан хостелдің ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, жалға беріліп келгенін Алматы қаласының әкімдігі де хабарлаған еді.