Алматыда егілген 500-ге жуық көшетті жойған күдіктілер қолға түсті
Олар бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған болып шықты
Алматыда егілген 460 көшетті жойған күдіктілер қолға түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлері егілген көшеттерді қасақана жойып жіберген екі бұзақыны тауып, ұстады. Айта кетсек, Алматы қаласының Жетісу ауданындағы cолтүстік айналма көшесінің бойына тұрғындар үшін жас ағаштар отырғызылған болатын.
Қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Олар бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған 28 жастағы қала тұрғыны мен Жетісу облысының 30 жастағы азаматы болып шықты. Екеуі де заңсыз әрекеттер жасағанын мойындады. Қылмыстың себебі тергеу барысында анықталатын болады, – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
ҚР ҚК-нің 340-бабы 3-бөлігі («Ағаштарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау») бойынша тергеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ полиция бұзақылар келтірген шығынды өтеу шаралары қолданылатынын айтты.