Атырауда жалған хабар берген күдікті психиатриялық станционарға жатқызылды

Динара Амантай

Оның созылмалы психикалық ауруы бар екені расталған

Фото: Halyq Uni

Атырауда жалған хабар берген күдікті психиатриялық станционарға жатқызылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 27 жастағы қала тұрғыны анасының ұялы телефоны арқылы «102» нөміріне мектептердің біріне жарылғыш зат орнатылғандығы туралы жалған ақпарат берген. Оның терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламасынан кейін оқиға орнына Атырау облысы полиция департаментінің, Атырау облысы прокуратурасының, ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің және облыстық ТЖД қызметкерлері барып, тексеру барысында ешқандай жарылғыш құралдың жоқтығын анықтаған.

Азаматтың анасы заңды өкілі ретінде сот отырысында баласының ауыратынын, оқиға болған күні ауруханадан екпе алып, жай-күйі нашарлағанын айтқан. Сонымен қатар оның қайда телефон соққанын білмейтінін, бұрын да дәл осындай жағдай болғанын алға тартып, аталған азаматқа амбулаториялық емдеу тағайындауды сұраған. Сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысына сай, аталған азаматтың «Параноидты шизофрения» үздіксіз ағын түрі, тұрақты ақаумен созылмалы психикалық бұзылуымен ауыратыны расталған.

Күдікті Қылмыстық кодекстің 273-бабында («Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау») көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының жалпы үлгідегі психиатриялық стационарында мәжбүрлеп емдеу тағайындалды, – делінген хабарламада.