Halyq Uni логотип
×

Бізді «алақан жаятын, табысы төмен» деп қабылдайды – әлеуметтік кәсіпкер Гүлмира Пармышева

Ол қоғамда түсінік қалыптасу үшін ақпараттық насихат жетіспейтінін айтады

 Ербол Тұрымбет 29.11.2023 | 14:00
Бізді «алақан жаятын, табысы төмен» деп қабылдайды – әлеуметтік кәсіпкер Гүлмира Пармышева
Фото: Гүлмира Пармышеваның жеке архивінен

Қазақстанда қазір әлеуметтік кәсіпкерлік реестрінде 260-тан астам ғана кәсіпкер тіркелген. Негізі ел бойынша 15 мыңның шамасында. Тіркелмейтін себебі, қызығушылық жоқ. Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының өкілі, әлеуметтік кәсіпкер Гүлмира Пармышева осылай дейді. Оның сөзінше, ең үлкен проблема, қоғамда түсінік қалыптаспаған.

Сондықтан, сала өкілдеріне тиесілі заңдағы басымдықтарды әріптестеріне жеткізіп, солардың қадам басып кетуіне септігімізді тигізуді мақсат етіп қойған. «Қауымдастық құрудағы мақсат та сол» дейді. Алайда осы саланы бақылауында ұстайтын Ұлттық экономика министрлігі классикалық бизнеске үйренгенін айтады. Сондықтан бизнестің бұл түрін төмен маржалы деп түсінуі мүмкін. Өйткені, оның табысы классикалық бизнестен ерекшеленеді.

Қауымдастық өкілінің айтуынша, ендігі жылдан бастап «Даму» қоры беретін 5 млн теңгелік грант әлеуметтік кәсіпкерлерге де беріле бастайды. Ол сала өкілдері үшін бір жеңіс болып отыр.

«Даму» қоры немесе басқа да ұйымдар «әлеуметтік кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасадық» дейді. Шын мәнінде, ол бізге енді ғана жасалған нәрсе емес, бұрыннан бар дүние. Бұл жаңа бағыт, тренд екенін оларға да түсіндіреміз. Біз өзімізді масылдықпен «ақша бер» деп отыратын қоғамның бір бөлігі емес, бизнесмен ретінде қалыптастырғымыз келеді. Биыл өткізген алғашқы құрылтайдың мәні де бизнестің жаңа бағыты қалыптасып жатқанын түсіндіру, - дейді ол.

Олар осындай үлкен шара арқылы ғана қоғам назарын өздеріне қаратуды қолға алған. Себебі, әлеуметтік кәсіпкерлерді жұрт танымайды. Тіпті, әлеуметтік кәсіпкер деген ұғымды түсінбейтінін айтады. Оның пікірінше, сол ұғымды түсіндірудің өзіне екі жылдай уақыт керек.

Өйткені аймақтардағы осы саланы бақылап отыратын кәсіпкерлік басқармаларының басшылары мені шақырып алып, «айтшы ал, ол не?» деп сұрайды, адам ретінде әлі түсінбейді. Сондықтан жұрт алдымен мұның не екенін білу керек. Соны түсінгенде ғана заңдағы басымдықтар жұмыс істеп бастайды. Олар бізді көбіне алақан жаятын, табысы төмен, тәуекелі ауыр деп қабылдайды, - дейді Гүлмира Пармышева.

Гүлмираның сөзінше, еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлер үшін қиындықтардың бірі, өнімін сату. Себебі, көбі ҮЕҰ-дан келіп жатады да тәжірибе жетіспейді. Оған қоса, команданы ұйымдастыру мен бизнеске дайын еместігі де қиындық тудырады. Оның үстіне, қоғамда әлеуметтік кәсіпкерлікті қайырымдылық деп ұғатын жайттар бар екенін айтады. Бірақ оның бизнес үшін екі есе салмақ екені ескерілмейді. Сондықтан олар бастапқыда гранттарға мұқтаж.

Сол үшін бірнеше ай бұрын өңірлердегі кәсіпкерлік басқармаларының өкілдерін жинап, Астанада оқу ұйымдастырдық. Оған қоса, насихат үшін жұмыс істеп жатқан жобаларды көрсетіп, ақпараттық жобалар жарыққа шығу керек. Оны жақсы бюджетпен жүргізу керек, оған да екі жылдай уақыт кетеді деп есептеймін. Бізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөнінде «Жол картасы» бар. Одан бөлек, әлеуметтік кәсіпкерлікті халыққа жеткізе алатын, не екенін түсіндіретін тренерлерді тәрбиелейтін жобаларымыз бар, - дейді ол.

Айта кетейік, Гүлмира Пармышева Kishkentai инклюзивті шеберханасын дөңгелетіп отырған жүздеген әлеуметтік кәсіпкердің бірі. Бүгінда айлық қаражат айналымы 12 млн теңге.

Ол ешкімнің көмегінсіз, заңдағы басымдықтарға қолы жетпестен дамуында ерекшелігі бар 8 адамды жұмыспен қамтып, салық төлеп, өнімдерін экспортқа шығарып отырған санаулы әлеуметтік кәсіпкердің бірі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама