Halyq Uni логотип
×

Түркістан облысында 100-ге жуық мектеп салынады

Өңірде 35 мың оқушыға орын жетіспейді

 Дәурен Ерболат 29.11.2023 | 13:27
Түркістан облысында 100-ге жуық мектеп салынады
Фото: kazakh-tv.kz

Алдағы 3 жылда Түркістан облысында 100-ге жуық мектеп салынады. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, өңірде демографиялық өсім жоғары.

Осыған байланысты оқушы орнының тапшылығы – 35 мың орын. Аталған мәселені шешу үшін 4 бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бюджет есебінен жобалық қуаты 8 250 орын болатын 34 мектеп салынып жатыр. Биыл 20 мектепті тапсыру жоспарланған. Бүгінде 6 мектеп пайдалануға берілді. Президент бастамасымен құрылған «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы құны 9,4 млрд теңге болатын, жобалық қуаты 6 650 орындық 9 мектептің құрылысы басталды. Ал «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын, – деді Дархан Сатыбалды ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімі 2024 жылы 29 мектептің пайдалануға берілетінін атап өтті.

Қалған 34 мектепті 2025 жылы тапсыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жеке инвестиция есебінен жобалық қуаты 5 мың орын болатын тағы  17 мектеп салынды. Биыл «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 29 мектептің құрылысы басталады. Мердігерлер анықталды. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді өңір басшысы.

Дархан Сатыбалды 15 түркістандық педагог шетелде тәжірибе шыңдағанын да атап өтті.

Олар Жапонияның білім беру саласындағы Саяси зерттеулер ұлттық институтының қолдауымен «Мұғалім тәжірибесіндегі сабақты зерттеу (Lesson Study)» шетелдік семинарына қатысып келді. Алдағы 1,5 жылда облыстың 100 мұғалімі шетелде тәжірибе жинау семинарына қатысады деп жоспарланып отыр, - деді ол.

Облыс әкімі мектептер күрделі жөндеуден өтетітін атап өтті.

Бүгінде облыста 121 мектепке талдау жүргізіліп жатыр. Бұл мектептер 1939-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Оның 51-іне 302 млн теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Осы мектептерді күрделі жөндеуге облыстық бюджет және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен 2024-2025 жылдар аралығында 38,9 млрд теңге қарастырылған. Қалған 70 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2024-2025 жылғы бюджетке керек қаражатты енгізу жоспарланып отыр, - деді Дархан Сатыбалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама