ШҚО-да тұрмысы нашар отбасылардың балалары туберкулезге шалдығып жатыр
Бұл отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру ұсынылды
Шығыс Қазақстан облысында тұрмысы нашар отбасы балаларының туберкулезбен ауырып жатқаны анықталды. Бұл туралы Altaynews.kz хабарлады.
Облыстық фтизиопульмонология орталығының мәліметінше, былтыр 10 айда өңірде туберкулезді үш адам жұқтырса, биыл 10 адам құрт ауруымен ауырған Жалпы, елімізде балалар арасында туберкулезді жұқтыру 20,3%-ға азайған.
Дәрігерлердің пікірінше, басты себеп – ауруға қарсы екпе алмау және ата-аналардың науқас балаларды емдеуден бас тартуы.
Ауру жұқтырған 10 баланың алтауы отбасында туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыста болған. Ал үшеуінің ата-анасы балаларды химиопрофилактикалық емдеуден бас тартқан. Бір балада медициналық қарсы көрсетілім болғандықтан оған ауруға қарсы екпе салынбаған. 7 бала тұрмысы нашар отбасыларында тәрбиеленген, - деді облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Болатбек Елшібеков.
AMANAT партиясы филиалының өңірлік кеңесінде туберкулезбен ауыратын балалардың көбі тұрмысы нашар отбасылардан шығатыны, олар дұрыс емделіп, дұрыс тамақтанбайтыны әрі дәрумендерді уақытында қабылдамайтыны айтылды. Осыған байланысты филиалдың денсаулық сақтау және білім беру мәселелері жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңесінің төрағасы Зарина Камасованың бастамасымен мұндай отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру ұсынылды.
Ұсынысты ШҚО мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков қолдады. Қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылады.