Анасы мен өгей әкесінен таяқ жеген тағы бір 7 жасар қыз ауруханаға түсті
26 жастағы анасы мен 33 жастағы өгей әкесі өз кінәларын мойындап отыр
СҚО полиция департаменті 7 жасар қызды ұрып тастаған оның анасы мен өгей әкесіне қатысты іс қозғады.
23 қарашада сағат 17:00 шамасында Петропавл қаласы полиция басқармасының бірінші полиция бөліміне облыс орталығындағы орта мектептердің бірінің медицина қызметкері 7 жасар 2-сынып оқушысын ұрып-соғу фактісін анықтағаны туралы хабарлама берген.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру») бойынша Петропавл қаласы полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Қыз облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Кейін кәмелетке толмаған балаға 26 жастағы анасы мен 33 жастағы өгей әкесінің зақым келтіргені анықталды. Екеуі де өз кінәсын мойындап отыр. Олар мұндай жағдайға баланың тіл алмауы себеп болды деп түсіндірді.
Істің барлық мән-жайын зерделеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Нәтижесінде түпкілікті процестік шешім қабылданады, - делінген СҚО ПД хабарламасында.
- Еске сала кетсек, бұған дейін Астанада да дәл осы 23 қарашада осындай 7 жасар қыздың жүйелі түрде отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырап, ауруханаға жатқызылғанын жазған болатынбыз.
- Кейін Оқу-ағарту министрлігінің Instagram-дағы ресм парақшасында баланың денесінде ұрып-соғу іздерін байқаған мұғалімдер дереу кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекцияға жүгінгені хабарланды.
- Сондай-ақ кеше дәрігерлер оның қазіргі жағдайын айтты.