Алматы облысында 43 бас жылқыны қолды қылған күдіктілер анықталды
Полицейлер бұрын жасалған қылмысты ашты
Алматы облысында 43 бас жылқыны қолды қылған күдіктілер анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 27 қарашада «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде Алматы облысының ПД КПБ қызметкерлері аудандық полиция бөлімшесімен бірлесіп, бұрын жасалған қылмысты ашты.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары осыған дейін қамауға алынған күдіктілердің Кербұлақ ауылының маңындағы жайылымнан 43 бас жылқыны ұрлап кеткенін анықтады. Зардап шеккендерге келтірілген залал – шамамен 22 млн теңге. Қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-1-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті сараптамалық тексерулер тағайындалды, – деді Алматы облысының ПД бастығы Бауыржан Әленов.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы шеңберінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.