Ол алдыңғы қылмысы үшін 25 жылға сотталған еді
Абай облысында терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген сотталған азаматтың жаза мерзімі 2 жылға ұзарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Семейде белгісіз адам сенім нөміріне қоңырау шалып, сотталғандарға арналған колониядағы терроризм актісі туралы хабарлаған. Қала полициясының дабыл бойынша көтерілген жеке құрамы ҚАЖД-мен, сондай-ақ ТЖД қызметтерімен, саперлермен, әскери қызметшілермен, ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, мекемені қарап шықты. Тексеру барысында колония аумағынан қандай да бір жарылғыш құрылғы табылған жоқ.
Жедел уәкілдер ізін суытпай жалған террористті анықтады. Ол осы колонияда аса ауыр қылмыс жасағаны үшін, оның ішінде 2000 жылы адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан сотталған болып шықты. 2003 жылы ер адам қауіпсіздігі орташа мекемеге 25 жылға сотталған.
Сотта күдікті кінәсын мойындап, сол күні ұстау режимінің шарттарымен келіспегенін түсіндірді. Сот үкіміне сәйкес, күдікті ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Қалған мерзіммен бірге 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Жалпы мерзімі 7 жыл болды, – делінген хабарламада.