12 жастағы қыз туған бауырын ертіп, анасына хат жазып кеткен
Ресейдің Волгоград облысында өгей әкесінен қашып, біраз уақыт іздестірілген 12 жастағы қыз бен оның 4 жасар інісі табылды. Олар Волгоград қаласындағы Электростальная көшесінде орналасқан үйлерінен кетер алдында анасына хат жазып, қайда болатындарын жазып кеткен.
Мама, біз Витя көкемен бірге тұрғымыз келмейді. Ол үйден кетсе, бізді мына жерден таба аласыз, – деп жазған олар.
Алайда екеуі хатта көрсетілген мекенжайда болмай шықты. Осыдан кейін полиция балаларды бірнеше күн іздесе де таба алмаған. Оларды көшеде бір адам кездестіріп, полиция бөліміне апарыпты. Енді полиция балалардың не себепті 32 жастағы Виктор Г. есімді азаматпен тұрғысы келмейтінін анықтап жатыр.
Қазақстанда да ата-анасынан, өгей әкесі мен өгей шешесінен зәбір көріп, үйден қашып жатқан балалар көптеп кездеседі. Мысалы, кеше Астанада ата-анасынан көк ала қойдай болып таяқ жеп, ауруханаға түскен 7 жасар қыздың дәрігерлерге айтқан өтініші жаға ұстатты. Кеуде тұсы тұтас көгеріп, қолы мен иығы зақымданған 1-сынып оқушысы дәрігерлерден «Үйге қайтпай-ақ қойсам бола ма?» деп сұраған.
Ол ауруханаға түскен соң, біраз уақыт ешкіммен сөйлеспей жүрген. Сосын дәрігерлердің қамқорлығын сезініп, үйге жібермеуін сұрап, анасынан бөлек, нағашы атасының да жиі жұдырық ала жүгіретінін, өзінен басқа тағы 6 бауырының бар екенін де айтқан.
Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның айтуынша, қазір туған перзентіне күн көрсетпей жүрген ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Өкінішке қарай, мұндай оқиға елімізде де, басқа елде де көп. Мамандар балалардың үйден қашуы көбінесе маскүнем ата-анасының кесірінен болатынын айтады.