Halyq Uni логотип
×

Қызылша: жыл соңына дейін 1-6 жас аралығындағы 100 мыңнан аса бала екпе алуы қажет

Қарашада 6 мың бала инфекция жұқтырған

 Дәурен Ерболат 28.11.2023 | 10:05
Қызылша: жыл соңына дейін 1-6 жас аралығындағы 100 мыңнан аса бала екпе алуы қажет
фото: life-24.com

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда қызылшаға қарсы екпе салу жұмысы күшейетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, 600 мыңнан аса балаға жоспарлы түрде вакцина салынған.

Бұл – 1 және 6 жастағы балалардың 84%-ы деген сөз және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес келеді. Жыл соңына дейін осы жас тобындағы 100 мыңнан аса балаға вакцина салынуға тиіс. Қызылша ауруы бар ошақтарда шұғыл вакцинациялаумен 15 мыңнан аса адам қамтылды. 18 жасқа дейінгі бұрын егілмеген 63 мың адамға екпе салынды. Бұл – тиісті контингенттің 50%-ы ғана, әлі 128 мың адамға екпе салуымыз керек, - деді министр Үкімет отырысында.

Ажар Ғиният қызылша жұқтырғандардың 65%-ы 5 жасқа дейінгі балалар екенін атап өтті.

«Бұл жағдайды ескеріп, қарашадан бастап 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундау басталды. Бүгінде 94 мың бала қамтылып отыр.  Жалпы биыл 770 мыңнан аса бала егілді. Қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасы сатып алынды. Оның 500 мың дозасы келіп түсті. Желтоқсанда 1 млн доза жеткізілуге тиіс», - деді ведомство басшысы.

Министр қызылша 2005, 2015, 2019 жылы туған балалар арасында жиі тарап жатқанын жеткізді.

«Қосымша иммундаудың тиімділігі 2005, 2015 және 2019 жылдардағы қызылшаның алдыңғы өршуі кезінде дәлелденді. Сондықтан біз желтоқсанның ортасында сырқаттанушылықты азайтуға мүмкіндік беретін қосымша жаппай иммундаумен жоғары қамтуға қол жеткізуіміз керек», - деді Ажар Ғиният.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама