×

Ұлттық жоба аясында ірі қалаларда қанша мектеп салынады?

«Жайлы мектеп» жобасы мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін қолға алынды

 Айгерім Таубай 27.11.2023 | 12:18
Фото: Halyq Uni

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауында еліміздегі мектептердің жайына назар аударған еді. Президент 2025 жылға дейін сапалы білім беретін жаңа мектептер салу туралы тапсырма берді. Бұл жобаның аты – «Жайлы мектеп».  Жолдау барысында орта білімнің маңызына көңіл бөлінді. Соған сәйкес әрбір оқушыға жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс.

Енді 2025 жылға дейін 800 мың оқушының заман талабына сай білім алуына жағдай жасалады. Бұл апатты жағдайда тұрған мектептер мен үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердің мәселесін шешеді. Президенттің сөзінше, бұл елде қалыптасқан қала мен ауыл мектептерінің арасындағы қашықтықты жоюға жәрдемдеседі.

Мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс, - деді мемлекет басшысы.

ҮШ АУЫСЫМДЫ 200 МЕКТЕП БАР

Жаңа 2023-2024 оқу жылы басталғанда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елімізде 30-дан аса мектептің апатты жағдайда тұрғанын мәлімдеді. Министрдің сөзінше, 200-ге тарта мектепте балалар үш ауысымда білім алып жатыр.

Ал жаңа оқу жылында 154 мектеп пайдалануға берілген. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 200-ден аса мектептің құрылысы басталған. Министрдің сөзінше, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесі бірнеше жылда шешіледі, алайда нақты уақыты әлі белгісіз.

Апатты мектептерге байланысты Halyq Uni өңір әкімдіктеріне ресми сауал жолдап, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын оқу ордалары туралы білді.

МЕГАПОЛИСТЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ

Шымкент қаласының білім басқармасының хабарлауынша, қалада жалпы орта білім беретін 143 мектеп бар. Оның ішінде оқу жылы басталғанда 4 мектептің үш ауысымды білім беретіні белгілі болды. Олар №42, 46, 65, 1 мектептер. Демек, қалада 16 885 оқушы орны тапшылығы бар. Алайда басқарма бұл мәселенің шешіліп жатқанын мәлімдеді. Мысалы, №42 мектепке түскен жүктеме жекеменшік мектептің есебінен шешілген. Ал №46 және №65 мектептердің мәселесі қосымша құрылыс есебінен, №1 мектептегі мәселе қосымша ғимарат арқылы шешімін тапқан.

Оқушы орны тапшылығы мәселесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы 2025 жылға дейін 18 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Биыл 12 мектептің құрылысы басталады, - деп жауап берді қаланың білім басқармасы.

Ресми ақпарат бойынша, Шымкент қаласында апатты мектеп ғимараттары жоқ. Оқушыларға жасалған жағдай бойынша да сауалымызға басқарма жауап берді.

Шымкент қаласында білім алушыларға онлайн форматында қалыпты жағдайда білім беру мақсатында 2020 жылы 47330 компьютерлік құрылғы сатып алынған, ішінде компьютер - 18 413, ноутбук – 24 716, планшет – 4 201 бар. 2021 жылы қосымша 190 дана компьютер сатып алынды. Қазір қала бойынша мектептерде орта есеппен 1 компьютерді 4 оқушы қолданады.

Астанадағы жағдайға келсек, қалада апатты жағдайда тұрған мектептер жоқ. Елорданың мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерінде 51 156 бірлік компьютер техникасы бар. Қазір 5 оқушы 1 компьютерді қолдана алады.

Алматыда 2023 жылдың 1 тамызында оқу орындарының тапшылығы 27 500 орынды құрады. Әкімдік бұл жағдайды реттеу үшін жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

2023 жылы 5 570 орындық 11 нысанды іске қосу жоспарланып отыр, оның ішінде 1 қыркүйекке дейін 1 500 орындық 1 мектептің құрылысы аяқталады. Ол Қайрат ықшам ауданында орналасқан. Сонымен қатар 420 орындық 2 қосымша жапсаржай құрылысы №48, №9 мектептерде салынады. Ал жыл соңына дейін 500 орындық 2 қосымша жапсаржай құрылысын (№148, №112) аяқтау және 3 150 орындық 6 жекеменшік мектеп ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 37 100 орынға арналған 22 мектептің салынуы жоспарланған, - деп жауап берді Алматы қаласының білім басқармасы.

Айта кетейік, қалада үш ауысымды мектеп жоқ. Апатты жағдайдағы мектепке келсек, Алматы қаласы бойынша 2022 жылы 1 апатты мектеп (№59) болды. 2023 жылдың басында ол мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталған.

Оқушыларға жасалған жағдайға келсек, ресми ақпаратқа сәйкес қала бойынша компьютермен жабдықтау 100% құрайды. 1 компьютерді 3 бала қолдана алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама