×

Алматы облысында бруцеллез ауруы өршіп тұр

Ауру көбіне қой-ешкіден таралып жатыр

 Думан Қырықбаев 20.05.2022 | 15:17
көрнекі фото: therepus.blogspot.com

Алматы облысында бруцеллез жұқтырғандар саны өсіп барады. Биылдың өзінде бруцеллез жұқтыру көрсеткіші өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,1 есеге өскен. Яғни, көрсеткіш 11-ден 24-ке дейін жетіп отыр. Мамандар жыл сайын бұл ауруға жүзге жуық адам шалдығатынын айтып, эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес аудандарды атады: Алакөл, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Көксу, Кеген, Райымбек, Сарқан аудандары мен Текелі қаласы. Ауру көбіне қой-ешкіден таралуда. Яғни, 58,3 пайызы ұсақ малдан, 29,2% ірі қарадан жұқтырған.

Жалпы, бруцеллезді жұқтыру оңай, бірақ жазылу қиын. Әсіресе, тірек-қимыл аппараты зақымдалған кезде емдеу ұзаққа созылады. Адамдар көбіне түрлі инфекцияны кәуаптан жұқтыратын көрінеді. Толық піспеген еттен бруцеллез, эхинококкоз, тениоз және басқа да ауру түрлері тарауы мүмкін. Сондықтан, алдын-алу шараларын қолданған дұрыс.

«Ең алдымен, кәуапты сатып алатын жерге назар аударыңыз, сатушының сыртқы түріне қараңыз. Сатушыда таза арнайы киім болуға тиіс. Кәуап сататын орында кемі екі жұмысшы болуы керек. Біреуі ет қуырады, екіншісі дайын өнімді сатады.

Кәуапты тек сатып алушының тапсырысы бойынша дайындау керек. Оларды алдын ала дайындап қоюға тыйым салынады. Жартылай ет фабрикаттарын дайындау ет цехында ғана, яғни, стационарлық ұйымдарда жүргізілуі керек. Шикі кәуаптарды тасымалдауға жабық ыдыстар қолданылуға тиіс», - делінген Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті таратқан ақпаратта.

Жалпы, Brucella - бактериялар тудыратын жұқпалы ауру. Қоздырғыштары ешкіде, қойда, ірі қара мал мен шошқада, түйеде және итте болады. Ауру көбіне жануарларға күтім жасағанда алдын алу шараларын сақтамау, қой қырқу, мал сою, төлдету кезінде жұғады. Сонымен қатар, инфекция термиялық өңделмеген тағамдарды, пастерленбеген сүтті тұтынған уақытта болуы мүмкін.

Бруцеллез белгілері тұмауға және басқа суық тию ауруларына ұқсас келеді. Көбіне қызу көтерілу, тершеңдік, бұлшықет ауыруы, әлсіздік, бас ауруы, депрессия, тітіркену, тәбеттің жоғалуы, жөтел, іштің ауруы секілді белгілер байқалады. Бауыр мен көкбауыр ұлғаяды. Сондықтан, ет-сүт өнімдерін сатып аларда, тұтынғанда барынша сақ болған дұрыс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама