Павлодар облысындағы трагедия: екі әкім қызметінен қуылды

Еркеғали Болатұлы

Енді Екібастұз қаласы полициясының лауазымды тұлғаларына да шаралар қабылданады

фото: uralskweek.kz

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин балалардың қауіпсіздігіне жауапты шенеуніктерді жұмыстан шығарып жіберді.

Бұған дейін қалаға қарасты Шідерті кентінде 8 айлық нәресте аштықтан көз жұмған болатын. Ал Бесқауға ауылында туған қызын өлтірді деген күдікпен әйел ұсталды.

Балаларға қатысты кез келген трагедияның артында оның алдын алу үшін уақтылы шара қабылдамаған ересектер тұрады. Бесқауға ауылы мен Шідерті кентінде болған жағдайлар – солардың бір көрінісі. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Қоянды ауылдық округінің әкімі, Екібастұз қаласы әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Ал менің шешіміммен Шідерті кентінің әкімі қызметінен кетті, - деп жазды Бейсекин Instagram-дағы парақшасына.

Сондай-ақ енді қызметтік тексеріс жүргізілгеннен кейін Екібастұз қаласы полициясының лауазымды тұлғаларына қатысты шаралар қабылданады.

Шідерті кентінің медициналық қызметкерлері, 3 емхананың бас дәрігері, Бесқауға ауылының учаскелік инспекторы, білім бөлімінің басшысы, әлеуметтік салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алды, - деді қала әкімі.

Бейсекиннің өзі де облыс әкімінен сөгіс алған. Бірақ ол балалардың қауіпсіздігі бәрінің де міндеті екенін атап өтті.

Туыстары, іргелес тұратын көршілері болсын, бір отбасында болып жатқан проблемаларды көре тұра көп жағдайда үнсіздік танытатынын айтқым келеді. Қауіпсіздікті, тыныштықты қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу – тек мемлекеттік қызметшілердің ғана міндеті емес, әрқайсымыздың міндетіміз, - деді Аян Бейсекин.

Ата-ана өз міндеттерін дұрыс орындамаса немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары болса, мына нөмірлерге хабарласуға болады:

  • Полиция – 102
  • Екібастұз қаласының әкімдігі: 33 10 00, 34 02 20, 8775 710 02 91 (WhatsApp)
  • Отбасы мен балаларды қорғау бойынша бірыңғай нөмір – 111