Halyq Uni логотип
×

Қарағандыда тұрғындардың 86 млн теңгесін иемденген заңгер бар ақшаны ойынға тіккен

Ол 12 адамды алдап соққан

 Динара Амантай 24.11.2023 | 11:45
Қарағандыда тұрғындардың 86 млн теңгесін иемденген заңгер бар ақшаны ойынға тіккен
Фото: polisia.kz

Алаяқ қарағандылықтардың 86 млн теңгеге жуық ақшасын иемденіп, бәстен ұтылып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қарағанды облыстық полиция департаментіне қала тұрғынынан арыз түскен. Жәбірленуші жеке кәсіппен айналысып, компьютер құралдары үшін тиімді бағаға тендер болып жатқаны туралы білген. Бұндай ақпаратты өзін кәсіпкермін деп таныстырған азамат бірнеше жерге жариялаған. Сондықтан оның ұсынысы жәбірленушіні де қызықтырған. Алайда тендерге қатысу үшін сатып алушыға хабарлама берген адамның есеп-шотына ақша аудару қажет болған. Жәбірленуші көрсетілген есеп-шотқа 41 миллион 500 мың теңге аударған. Ақшаны алғаннан кейін серіктес байланысқа шықпай, барлық байланыс нөмірлерін өшіріп тастаған. Алданғанын түсінген жәбірленуші бірден полицияға хабарласқан.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті алаяқтың жеке басын анықтады. Оның Қарағандыдағы мекемелердің бірінің 23 жастағы заңгері екені белгілі болды. Ол жәбірленушіні алдағанын толық мойындады. Жәбірленушіден алған ақшаны күдікті букмекерлік кеңседе ақша тігуге салып жіберген, – деді Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабына («Алаяқтық») сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері барысында күдіктінің осыған ұқсас 12 қылмысқа қатыстылығы анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 86 миллион 400 мың теңге болып отыр. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама