×

Құлсары қаласының экс-әкімі «закладчик» болып жүр ме?

Бұл жайт бойынша қазір облыстық полиция департаменті тексеру жүргізіп жатыр

 Айнұр Асылбекқызы 20.05.2022 | 14:01
скриншот: видео

Бүгін әлеуметтік желіде Құлсары қаласының бұрынғы әкімі Қаржау Шарғабаевтың есірткімен ұсталғаны жөнінде видеожазба пайда болды. Видеода Шарғабаев өзін түсіріп тұрған кадр сыртындағы ер адамның сұрағына жауап беріп тұр.

Белгісіз ер адам оның аты-жөні мен Құлсары қаласы әкімі деп жазылған «визитканы» көрсетіп ұстап, өзін таныстыруды және қаладағы «Көктем» ықшам ауданында не істеп жүргенін сұрайды.

2018 жылдың желтоқсанынан бастап 2019 жылдың маусымына аралығында Құлсары қаласының әкімі болғанын айтқан Шарғабаев бұл жерге інілері бір зат алып кетуін өтінген соң келіп тұрғанын айтады. Сосын қолындағы шағын ғана буылған ақ түсті затты көрсетеді.

«Не зат ол, мефедрон ба?» деп сұраған жігітке Шарғабаев оның не екенін және ішінде не барын білмейтінін айтады. «Нешінші рет әкеліп тұрсың?» деген кадр сыртында сөйлеп тұрған ер адамға Шарғабаев «үшінші рет апарып беріп отырмын» дейді. Оған қоса, оған бұның дәрі екенін айтқанын және ол адамдарға көмектесіп отырмын деп түсінгенін жеткізеді. Түсіріп тұрған адам «әкім мырза, енді мұндаймен араласпайсың ғой, қателігіңді мойындайсың ғой?» дегеніне Шарғабаев «енді араласпаймын, мойындаймын» деп жауап береді.   

Видеожазбада оның соққыға жығылғаны байқалады және өзі масайраған күйде тұр.  

Кейін Halyq Uni тілшісі Шарғабаевтың өзіне телефон арқылы хабарласып көрген еді, бірақ оның телефоны өшірулі тұрды. Экс-әкім желіде тараған видеодан соң бірнеше сағат ішінде қайта үндеу (видео) жариялады.

Оның айтуынша, 19 мамыр күні Атырау қаласындағы Томарлы елді мекеніне бір танысының өтіншімен зат алып кетуге барған. Барып тұрған кезде бейтаныс адамдар келіп, телефонын тартып алып, ішін ақтарып, құжаттарын қарап қорқытқанын айтады.

«Тағы жеті-сегіз адам келіп жабылып, менің құжатымның ішіндегі 2019 жылы әкімнің қызметінде жүргендегі визитканы тауып алып, соны пайдаланып, видеоға түсуімді талап етті. Ол видеода мен бұлай өз денсаулығым мен отбасымның амандығы үшін қорыққаннан айттым. Қазір Құлсары қаласының әкімі емеспін. 2019 жылы өз еркіммен кеткенмін. Видео жіберуші азаматтарға және мені ұрған адамдарды мен аяқсыз қалдырмаймын. Және заң талаптарына сай барлық жерге шағымданып, ақ-қарасын айыратын боламын», - дейді бұрынғы әкім.  

Ол видеоүндеуде денесінің жарақаттанған жерін көрсетті. Айтуынша, қазір денсаулық жағдайына қатысты емделіп жатыр.

«Құрметті желі пайдаланушылары, алдыңғы видео мені ұрып-соғып, өлтіремін деп, бейіт басына апарып көмемін деп қорқытып жазылған. Менің түрімді көрдіңіздер. Ернім қанаған, шашым ұйпа-тұйпа, денемнің сау-тамтығы жоқ, барлық жерімнен ұрды. Соны жеткізе отырып, өзімнің ештеңеге қатысым жоқ екенін және бұл адамдардың маған жала жабуы екенін айтқым келді. Дұрыс түсінуді сұраймын», - деді сөзінің соңында Шарғабаев.

Бұл жайт бойынша қазір облыстық департамент полициясы тексеру жүргізіп жатыр. Әзірге буылған ақ ұнтақтың есірткі, не есірткі емес екені белгісіз. Оны арнайы сараптама анықтайды.  

41 жастағы Шарғабаев Жылыой ауданының тумасы. Білімі жоғары – екі мамандығы бар. Қаржыгер әрі экономист. 2011-2016 жылдары Құлсары қаласы әкімдігі аппаратында бас маман болып жұмыс істеді. 2016-2017 жылдары Құлсары қаласы әкімінің орынбасары болды. 2017-2018 жылдары – Жаңа Қаратон ауылдық округінің әкімі болды. Кейін 2018 жылдың 29 желтоқсанынан бастап Құлсары қаласы әкімі болып тағайындалып, 2019 жылдың маусымында қызметінен кетті.

Еске салайық, 2009-2018 жылдары Құлсары қаласының әкімі Шәкір Кейкин болды. Ол 2018 жылдың қазан айынан 2019 жылдың ақпан айына дейін Атырау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарды. 2019 жылдың ақпан айынан бастап Атырау қаласы әкімінің орынбасары болды. Ал 2019 жылдың қыркүйегінде Мақат ауданының әкімі болып тағайындалды. Сол кезде Шарғабаев Құлсары қаласы әкімі лауазымынан босаған соң Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығы болып барған.

Айтпақшы, Шарғабаевтың әпкесі Жанаргүл Шарғабаева Жылыой ауданында түрлі мәселелерді көтеріп жүрген белгілі қоғам белсендісі. Әлеуметтік желіде де белсенді. Алайда, бүгін ол да парақ парақшасында ештеңе жазбаған. Оның да телефоны сөндірулі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама