Жамбыл облысында заңсыз көші-қонды ұйымдастырушылар ұсталды

Динара Амантай

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында заңсыз көші-қонды ұйымдастырушылар ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жамбыл облысы прокуратураның мәліметінше, Қордай ауданының аумағында соңғы жарты жылда Оңтүстік Азия елдері (Пәкістан, Непал, Шри-Ланка) азаматтарының Қырғыз Республикасы жағынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының тысқары жерлерінен заңсыз өтуі жиіленген.

Биыл 19 қыркүйкте Қордай ауданы прокурорының үйлестіруімен ҚК-тің 394-бабының 2-бөлігі бойынша («Адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру») полиция бөлімімен қылмыстық іс тіркелді.

20 қыркүйекте Қордай ауданы прокурорының қаулысымен аудандық полиция, шекара қызметі және ұлттық қауіпсіздік органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, олармен бірқатар тергеу амалдары жүргізілді.

Нәтижесінде Оңтүстік Азия елдерінің 20 азаматтарын Қырғыз Республикасынан мемлекеттік шекараның өткізу пунктерінен тыс жерлері арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастырған 3 қылмыскер құрықталып (Қазақстан және Қырғыз азаматтары), қамаққа алынды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа мәліметтер ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес жариялануға жатпайды.