Тұрғынды іздеуге тікұшақ та жұмылдырылды
Батыс Қазақстан облысында 62 жастағы ер адам боранда адасып кетті, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Оқыс оқиға кеше Теректі ауданының Ақжайық ауылында болған. Сағат 10:00-де 1961 жылғы ер адам жұмыстан шығып, үйіне оралмаған. Құтқарушылар хабарды тек кешкі сағат 20:37-де алған.
Бүгін сағат 13:00-де іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысу үшін Орал қаласындағы әуежайдан Eurocopter тікұшағы көтерілді. 62 жастағы ер адамды іздестіруге барлығы экипажда 3 адам, жеке құрамнан 25 адам, 9 техника жұмылдырылды, - деп жазылған хабарламада.
БҚО ТЖД ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қазақстандықтарды абай болуға, енгізілген шектеулер туралы ақпаратпен танысуға кеңес береді.
Ақпаратты 112 құтқару қызметі жіберген хабарламадан білуге әрі Darmen мобильді қосымшасының көмегімен нақтылауға болады.