Ол қаланың орталық көшелерінің бірінде кілттердің нұсқаларын дайындаумен айналысқан
«Құқықтық тәртіп» Республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында облыс аумағында ПД көші-қон қызметінің қызметкерлері еңбек қызметін заңсыз іске асырған 36 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тексеру барысында оның Қазақстанға үш күн бұрын келгені, Жезқазған қаласының орталық көшелерінің бірінде кілттердің нұсқаларын дайындаумен айналысқаны анықталды.
Шетелдік ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі және жұмыс беруші ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Жалпы, жыл басынан бері Ұлытау облысында полиция қызметкерлерімен заңсыз жұмыс істеген 125 шетелдік пен 36 жұмыс беруші анықталып, жауапкершілікке тартылды.