Бишімбаев ісі: Ішкі істер министрі тергеуді тезірек аяқтауға уәде берді
«Гастроцентр» мекемесінің директоры экс-министрдің туысы болып шықты
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін тергеп, тезірек аяқтауға уәде берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қуандық Бишімбаевтың ісі тергеліп жатыр. «Гастроцентр» мекемесінің директоры (Қуандық Бишімбаевтың) туысы болып шықты. Бүгінде қылмыстық іс тергеліп жатыр. (Тергеуде) ешқандай проблема жоқ. Біз жақын арада тергеуді аяқтаймыз. Барлық күдікті анықталған. Қылмыстық процесс аясында олардың мәртебесі бар. (Бейнебақылау камерасына жазылған) барлық жазба қалпына келтірілді. Жұмыс өз ретімен жүріп жатыр, - деді Ержан Сәденов Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 9 қарашада Астанадағы мейрамханалардың бірінде болған-ды. Оған Астана қаласының полициясы уақытында түсінік берді.
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті деп танылып, 2 айға қамауға алынды. Сондай-ақ ІІМ экс-министрдің ұсталғанын растады. Кейін марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары мәлімдеме жасап, оқиға куәгерлерін іздейтінін айтты.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі қалай тергеліп жатқанын айтып, қайғылы оқиғаға қатысты Бас прокурор да пікір білдірген еді.