Ақтауда бейімдеу орталығының экс-директорына қатысты тергеу басталды
Ол бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді
Ақтау қаласының прокуратурасы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, сондай-ақ мүгедек балаларға арнаулы медициналық-əлеуметтік қызметтер көрсететін денсаулық сақтау жəне əлеуметтік қорғау жүйесінің мекемелерінің қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тексеру нәтижесінде өрт қауіпсіздігі, еңбек, әлеуметтік қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау заңнамалары саласында заңдылықтың бұзылулары анықталды. Сонымен қатар бюджет қаражатын жымқыру дерегі де белгілі болды.
2022 жылы облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының бұрынғы директоры өзінің туыстарын жұмысқа заңсыз орналастырып, іс жүзінде жұмыс істемей (өлі жандар), ай сайын жалақылары төленіп, сыйақылары негізсіз есептелген. Олардың есеп шоттарына 2,6 млн теңге аударылған. Бұрынғы директордың іс-әрекетінде бюджет қаражатын жымқыру қылмыстық құқықбұзушылық құрамының байқалуына байланысты, прокурорлардың қатысуымен ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2) тармақшасында көзделген сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – делінген хабарламада.
Тергеу іс-құжаттары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне жолданды.
Басқа да анықталған заңдылықтың бұзылулары бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 2 мекеме директорына 7 әкімшілік хаттама толтырылды.