Halyq Uni логотип
×

Шымкентте полиция ғимараттарында заңсыз болған 50-ге жуық адам босатылды

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 24 лауазымды адам әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды.

 Динара Амантай 23.11.2023 | 12:20
Шымкентте полиция ғимараттарында заңсыз болған 50-ге жуық адам босатылды
Фото: Halyq Uni

Шымкентте полиция ғимараттарында заңсыз болған 50-ге жуық адам босатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қылмыстық процестік кодекстің 129-бабына сәйкес, жеткізу – адамның қылмыстық құқықбұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы. Егер адамға қарсы қылмыс жасады деген күдік расталмаса, қылмыстық қудалау органының қызметкері оны дереу босатуға міндетті. Алайда бұл заңды талапты көбіне кейбір лауазымды тұлғалар сақтамайды.

Сондықтан құқықбұзушылықтарды болдырмау және алдын алу мақсатында прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының қызметтік бөлмелеріне тексеру жүргізіп отырады.

Шымкент қалалық прокуратурасының мәліметінше, полиция басқармаларын прокурормен тексеру барысында қандай да бір тергеу әрекеттерін жүргізбей, жеткізілген 3 адамды 3 сағаттан астам уақыт бойы ғимаратта заңсыз ұстағаны анықталған. Құқығы бұзылған адамдар дереу босатылды.

Жиналған құжаттар қызметтік тергеу жүргізіп, кінәлі полиция қызметкерлерін заңда көзделген жауапкершілікке тарту үшін Шымкент қалалық ПБ ішкі қауіпсіздік басқармасына жолданды.

Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, биыл 9 айда Шымкент прокурорлары полиция ғимараттарында заңсыз болған 48 адамды (оның ішінде Қаратау ауданында – 23, Тұран ауданында – 9, Әл-Фараби ауданында – 8, Абай ауданында – 7, Еңбекші ауданында – 1) босатқан.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 24 лауазымды адам әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды.

Біз қылмыстық процестік заңнамасының мүлтіксіз орындалуына ұмтылуымыз керек. Азаматтардың құқық қорғау органдары ғимаратында бір минуттан аса негізсіз болуына жол берілмеуі керек және олардың құқығын бұзғандар үшін салдары болады, – деп атап өтті қала прокуроры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама