Ол психикалық сауықтыру орталығына орналастырылды
Алматы полициясы Денис Теннің ескерткішін қорлады деген күдікке ілінген ер адамды ұстады. Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Денис Тен ескерткішіне вандализм жасады деген күдікке ілінген адам ұсталды. Ол – психоневрология есебінде тұрған, Алматы қаласының тұрғыны. Қылмыстық іс аясында сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Ұсталған адам психикалық сауықтыру орталығына орналастырылды, – делінген хабарламада.
Бұған дейін әлеуметтік желіде қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің Алматыда орнатылған ескерткішінің фотосуреті пайда болған еді. Одан біреудің ескерткішке қара фломастермен сурет салып кеткенін көруге болады. Сондай-ақ жарияланған фотосуретке ол өзінің тегін, атын, әкесінің атын, телефон нөмірі мен тұрғылықты мекенжайы туралы мәліметтерін қалдырған.
Алматы қаласы полиция департаментінің өкілдері аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 294-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.