«2 мыңға жуық адам көз жұмды». Депутат «жабайы» такси қызметімен күресуді талап етті

Дәурен Ерболат

Республикамызда көлік апаты көп болатын аймақтар басында Алматы қаласы тұр

Фото: polisia.kz

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Қазақстанда көлік апатын азайту үшін «жабайы» такси қызметімен күресуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.

Күнделікті тіршіліктен байқамаймыз. Күніне қаншама адамның тағдыры жол үстінде шешіліп жатыр. «Жол мұраты – жету» дейді. Дегенмен діттеген межесіне жете алмай, мұрат жолында майып болған адам саны азаяр емес. Ranking.kz мәліметінше, биыл 10 айда елімізде 11 мың 618 көлік апаты болды. Оның ішінде 1 942 адам – 1 386 ер, 556 әйел, 246 кәмелетке толмаған жасөспірім жол үстінде жан тапсырды, 14 мың 456 адам жарақат алды, - деді Ерболат Саурықов.

Осыған байланысты депутат Үкімет пен Бас прокуратураға сауал жолдады:

  • Жүргізуші куәлігінің сатылуы, сыйлық ретінде таратылуынан тәжірибесіз жүргізушілердің көбеюі, қысқасы, осының маңайындағы жемқорлық мәселесі қашан шешіледі?
  • Қазақстандағы техникалық тексеру орталықтарының басым бөлігінің берген сараптамалары жалған. Олардың қолына ақша қыстырсаң болғаны, қалаған құжатыңды аласың. Көлік ол жерге көз қылып кіреді де шығады. Сондықтан да ескі машиналар техникалық жағынан сын көтермесе де тасжолда жүр.
  • Оң рульді көліктердің көбеюі немесе оң рульді көлікпен адам тасымалдау бизнесінің артуы белең алып барады.
  • Оң рульді көліктердің еш техникалық қауіпсіздікті сақтамастан, заңсыз жолмен сол бетке ауыстырылуы салдарынан техникалық ақаудың соңы жол апатының болуына алып келеді.
  • Индрайвер, Яндекс, арнайы жарнамалау арқылы заңсыз адам, жүк таситын «жабайы» таксидің көбеюі, қалааралық такси бизнесінің көлеңкелі экономиканы күшейтуі салдары жолға қойылмай отыр.
  • 40-50 адамды тасымалдауға арналған қалааралық жолаушылар автобустарының техникалық қауіпсіздігі мәселесінің қадағаланбауы, жылдамдықты мөлшерден тыс арттыруы және автобус жүргізушілерінің тәжірибесінің жеткіліксіздігі;
  • Ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артуы, салдарынан жолда дөңгелектерінің жарылуы, жүктерінің құлауы немесе жол ережесін сақтамауы;
  • Үлкен жолда ерсілі-қарсылы ағылып жатқан жеңіл көліктің жартысына жуығы Қырғызстан, Армения, Грузия, Ресей сынды шетелдік тіркеудегі жеңіл машиналардың көбеюі, заңсыз жасалған көлік техпаспорттары, тіркеуге алынбаған машиналар мен жылдамдықтың шамадан тыс артуы;
  • Жол сапасына да ерекше тоқталу қажет. Облыстық маңызды және ауыларалақ жолдар көп жерде сын көтермейді. Бір жолақты, енсіз, одан қала берді, шұрқ тесік. Бұл да жол апатының бірден-бір себебі болып саналады.

Статистика бойынша Алматыға күніне кіретін 700 мыңға тарта көліктің жартысына жуығы қалаға ақша табу мақсатымен келеді. Олар такси қызметін атқарады. Салдарынан республикамызда көлік апаты көп болатын аймақтар басында Алматы қаласы тұр. Биыл 8 айда онда 826 көлік апаты тіркелді. Үштікті Алматы және Жамбыл облыстары тұйықтайды, - деді Ерболат Саурықов.