Қазақстанда 36 мың пәтер жалға берілген
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде жалға берілген пәтерлер қалай жекешелендірілетінін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Қанат Шарлапаев аталған заң жобасы аясында жалға берілген пәтерлерді жекешелендіру қарастырылып отырғанын айтты.
«Біз әкімдіктен пәтерді жалға алған адамдарға баспананы сатып алу құқығын беру ақылға қонымды шара деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, пәтерлерді жалға беру ұзаққа созылып кетті. Адамдар бұл пәтерлерден көшпейді. Бұл – өзіне жеке пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топ өкілдері.
Біз пәтерде тұру уақытын ескеріп, сатып алу ережесін қарастырып жатырмыз. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Мысалы, біз «егер адам пәтерде 5 жыл тұрса, баспана сатып алуға құқығы бар» деп қарастырып отырмыз», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Министр жалға берілген пәтерлер қаншаға сатылатыны талқыланып жатқанын айтты.
Пәтер бағасы да маңызды элемент болып саналады. Олардың пәтерді нарықтағы бағамен сатып ала алмайтыны түсінікті. Сондықтан қазір баланстық құны бойынша сатып алуға мүмкіндік беру туралы пікірталас жүріп жатыр, - деді Қанат Шарлапаев.
Сонымен қатар министр жалға берілген пәтерлер неге жекешелендіріліп жатқанын түсіндірді.
Мұнда адамдар жалға берілген үйлерде тұрып жатыр. Сіз пәтер иесі мен жалға берілген адамның үйге қалай қарайтынын білесіз. Сондықтан біз жалға берілетін тұрғын үйге жекеменшік құқығын құруды өте маңызды деп санаймыз, - деді ол.
Бұған дейін Қазақстанда жалға берілген 36 мың пәтер тозып жатқаны хабарланған еді.