Депутат мектеп іргесіндегі ойын автоматтарын қатаң бақылауды ұсынды

Дәурен Ерболат

Елнұр Бейсенбаев ел бойынша сары-жасыл түсті автоматтардың саны 5 мыңнан асатынын айтты

көрнекі фото: tengrinews.kz

Дүкендерде, жертөлелерде және мектептердің іргесінде орналасқан ойын автоматтарын тексеріп, оларға тыйым салу керек. Себебі, оларға балалар да үйір бола бастаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал ҚР премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолданды.

«Бүгінде елімізде лудомания, яғни ойынқұмарлықтың өршіп бара жатқаны жасырын емес. Ол қоғамның ауыр дертіне айналып отыр. Тіпті, бұған мемлекет басшысының өзі назар аударып, оған шектеу қою туралы нақты тапсырма беруге мәжбүр болды. Мәжілістегі AMANAT фракциясының депутаттары да бұл мәселені тұрақты көтеріп, заң жобасын әзірледі. Жуырда біраз мәселені заңмен пысықтаймыз», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат қазақстандықтардың ойын құмарлыққа салынуына бейберекет тараған лотерея ойындарының да негіз болып отырғанын айтты.

Мәселен, Қазақстанда LOTOMatic, LOTOclub деген атаулармен жұмыс істейтін «Сәтті жұлдыз» компаниясынан лицензия алған 2 компания бар. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, екі компанияның да құрылтайшылары бір адамдар. Біреуі лотерея сататын лотоклубтардың жұмысын үйлестірсе, енді бірі елімізге жасыл-сары түсті аппараттарды енгізумен айналысады, - деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев ойын автоматтарының (терминалдар – авт.) мәселесі күрделі екенін ескертті.

«Жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асып жығылады. Яғни, әр облыс орталығында кемі 300 терминал бар, бұл тек ресми тіркелгені. Бейресми, заңсыз жұмыс істеп жатқан тажал ойын – жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді.

Астананың өзінде мектептен 15-20 метр жерде орналасқан дүкендердің, жертөлелердің кіреберісінде осы ойын автоматтары толып тұр. Бұл ешқандай да лотерея сататын автомат емес, нақты казино автоматтары сияқты қолма-қол ақшамен төленетін және ұтысты бір мезетте алатын ойын автоматтары», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат бұл терминалдарда балалар ойнап жүргенін атап өтті.

«Аталған ойын автоматтарын кімнің ойнап жатқанын қадағалайтын не бір адам, не бір мемлекеттік орган жоқ. Бұл автоматтарды торуылдағандардың көбі балалар, оқушылар екені анық.

Мемлекеттік органдардың салғырттығынан оңай ақша табамыз деп, өз тағдырын қиратқан балаларымыз ата-анасын да сан соқтырып жатыр емес пе?!

Лотерея терминалдарының көбейіп кетуі өскелең ұрпақты ойын құмарлыққа еліктірумен қатар, түрлі қылмыстардың туындау көзіне де айналып отыр. Ұрлық жасау, жең ұшынан жалғасу, көлеңкелі бизнес және тағы басқасының да түпкі себебі осында жатыр. Бақылаусыз орнатылғандықтан, олардан бюджетке салық та төленбейді», - деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев ойын автоматтары мен оған қажет жабдықтар Қазақстанда өндірілмейтінін, олар шетелден тамымалданатынын жеткізді.

Бұған құқығы бар заңды операторлардан бөлек, түрлі жолмен астыртын тасымалдаушылар да жетіп артылады. Олар кеден арқылы контрабандалық жолмен заңсыз өткізіледі. Тұнып тұрған қылмыстық топтың іс әрекетіне жатады, - деді ол.

Депутат жоғарыда айтылған мәселелерді ескеріп, Қаржы министріне бірнеше ұсынысын айтты:

  • Қазақстандағы бүкіл лотерея терминалдарына тексеру жүргізу;
  • Жеке және заңды тұлғалардың шет елдерден Қазақстан аумағына лотерея терминалдары мен өзге де лотерея жабдықтарын импорттауына толықтай тыйым салу;
  • Оларды кеденнен өткізбеуді қолға алу.