Halyq Uni логотип
×

«Сақтандыру полисін алмасаңыз, машина жоқ»: автокредиттің талайға арман болып қалатын түрі бар

Заңгерлер ерікті сақтандыруды міндеттеу – заңға қайшы деп отыр

 Еркеғали Болатұлы 20.05.2022 | 10:25
«Сақтандыру полисін алмасаңыз, машина жоқ»: автокредиттің талайға арман болып қалатын түрі бар
фото: Нұрдәулет Әбікеев

Жылдық 4 пайыз үстемемен көлік алу бақыты екінің біріне бұйырмауы мүмкін. Алғашқы жарна жоқ делінгенмен, бағдарламаға ілігу үшін қалтаңызда қомақты қаражат болуға тиіс екен.

Өйткені автокредит рәсімдейтін екінші деңгейлі банктер машинаңызды бірден 7 жылға сақтандыруыңыз керек деп клиенттерден ақша талап етуде. Оның құны жарты миллион теңгеге жетуі мүмкін. Алайда заңгерлер ерікті сақтандыруды міндеттеу – заңға қайшы деп отыр.

Мысалы, КТК телеарнасына сұхбат берген алматылық Ерлан Құсайыновқа банк қызметкерлері көліктің сақтандыру шығынын бірден 7 жылға төлеуіңіз керек деген талап қойыпты.

«Бізге міндетті деді ғой. 7 жылға бірден төлейсіз деді. 480 мыңдай есептеді. Менің сақтандыру полисіме қаражатым жетпейді. Бұлар «алмасаң, машина жоқ» дейді. Ақшасы бар адамдар болса, несиеге алмайды ғой. Сақтандыру полисін әр адам өзі шешкен дұрыс қой», - деп отыр ол.

Сондай-ақ кезекке тұрып жатқандар тарапынан «менеджерлер көліктің қосымша жабдығын екі есе қымбат бағаға сатып алуға міндеттеп жатыр» деген шағым да жиілеген. Дегенмен дилер орталықтың өкілдері ондай келеңсіздікке жол берілмейді деп ақталды.

Allur дилер орталығы наурыз айынан бастап көлік жабдығын алуға міндеттеуге тыйым салды. Машиналар зауыттан бос келеді. Ішін толтырғыңыз келсе, «өз еркіммен сатып аламын» деп хат жүзінде рұқсат алу керек, - дейді дилер орталықтың PR маманы Айдар Өтешев.

Автосалондардың кіреберісінде заңбұзушылыққа тоқтау салу мақсатында арнайы телефон нөмірлері көрсетілген. Тұтынушылардың құқығы бұзылып жатса, 7007 – клиенттерді қолдау орталығына шағымдана алады. Заңгер Ғабит Өмірбек автосалондар мен екінші деңгейлі банктердің шарт қоюы жеңілдетілген автонесиеге деген сенімді азайтып, көпшіліктің көңілін күпті қылды деген пікірде. Мәселен, банктер міндеттеп жатқан автосақтандыруды әр адам өз еркімен таңдауға тиіс.

«Ұлттық банк, өзге де банктерге несие рәсімдеп жатқан азаматтар міндетті түрде КАСКО сақтандырудан өтсін деген талап қоймайды.

Ол бұйрық – банктердің өздерінің ішкі бұйрықтары. Конституцияға сай, әр азамат сақтандырмай-ақ несие алуға құқылы. Бас тартқаны үшін несие бермей қою – сол банктің ішкі бұйрығының қателігі.

Сондықтан Ұлттық банк түпкілікті тексеріс жүргізіп, КАСКО сақтандыруды доғаруға хат немесе бұйрық түсіру керек», - дейді заңгер Ғабит Өмірбек.

Ал «Өндірісті дамыту қоры» өкілдерінің қаржы ұйымдарына шарт қоюға шамасы жетпейтін сыңайлы. Себебі аталмыш бағдарламаның операторы болған компания банктерге ұсыныс жолдаудан ары аса алмай отыр.

«Біз банктерге жыл сайын сақтандыруды қосу үшін шарттар жолдадық. Бұл негізі тұтынушылардың несиелік тәуекелдерін азайтуға бағытталған шара», - дейді «Өндірісті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева.

Енді біраз тұтынушы сақтандыру полисіне ақша таба алмай, бағадрламаға қатысудан бас тартып жатыр. Сондықтан «алғашқы жарнасыз» деп жарнамасы жер жарған автокредит арқылы көлік алу айлығы шайлығына жетпейтін талай адамға арман болып қалатын түрі бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама