Баспана кезегіндегі 533 адам Қазақстан азаматы болмай шықты
Министр 232 мың адамның баспана кезегінен неге шығарылатынын түсіндірді
Қазақстанда баспана кезегіне тұрған 15 мың адам пәтеріне жете алмай қайтыс болған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баспана айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.
Депутат Мархабат Жайымбетов министрден 232 мың адамның неге баспана кезегінен шығарылатынын сұрады.
Баспана кезегінде тұрған 646 мың адамның 232 мыңы кезектен шығарылады. Олардың 90 мыңы бұған дейін пәтер иесі болған. Олар заң бойынша баспанадан үмітті бола алмайды. Тіпті бес жылдық мерзім аясында да оларға баспана беруге хақымыз жоқ, - деп жауап берді министр.
Қанат Шарлапаевтың айтуынша, заңнамада баспана кезегінде заңды тұрғанын анықтау жылына бір рет жүргізіліп келген. Жаңа заңға сәйкес, енді бұл шара әр 3 ай сайын жүргізіледі.
«Баспана кезегіне тіркелген өңірі тұрғылықты мекенімен сәйкеспейтін адамдардың мәселесін егжей-тегжейлі тексеру керек. Біз кезекті «Отбасы банкке» береміз. Өйткені «Отбасы банк» 17 деректер базасымен интеграцияланған. Осы база арқылы кезекке қоюдың заңдылығын растап, тексеруге мүмкіндік бар. Бұл тексерісті айтарлықтай жеңілдетеді. Әр адамды кезектен шығару мәселесі жеке тәртіппен қаралады», - деді ол.
Қанат Шарлапаев биыл тамыздан бері 21,6 мың адам баспана кезегінен шығарылғанын жеткізді.
Баспана кезегінде тұрған 646 мың адамның 96,1 мыңында кейінгі 5 жылда тұрғын үй болған. 533 адам Қазақстан азаматы болмай шықты. 91,4 мыңы – мекенжай тіркеуі кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді. 29 мың адамның мекенжай тіркеуі жоқ болса, кезектегі 15,6 мың адам қайтыс болған. Бұл бұрын жергілікті атқарушы органдармен осы жұмыс тиімсіз түрде жүргізілгенін көрсетеді, - деді министр баяндамасында.